Мағжан Жұмабаев: Ұлт тәрбиесі

Оқу құралының бiрiншi бөлiмiнде педагогиканың жалпы мәселесiне арналған. Оның пiкiрiнше, тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Автор осы тәрбиенiң төрт түрiн тәптiштеп түсiндiре келiп, былай дейдi: «Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны. Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы... Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын... Баланы келешек заманына лайық қылып шығару», - деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап бередi.
Мағжан сонымен бiрге ұлт тәрбиесiне сын көзiмен қарап, тозығынан озығын айыра бiлуге шақырады. «Киiз үйдiң зиянды жағы болғаны сияқты, - деп жазды ол, - пайдалы жағы да бар. Әңгiме сол киiз үйдiң iшiнде баланы ұстай бiлуде. Шын таза ауа сол киiз үйде болмағанда қайда болады? Ал балаға таза ауа аса қажет... Малмен бiрге жүрiп, бiрге өскен қазақ баласын аса нәзiк қылып, үлбiретiп тәрбие қылмағаны дұрыс болмас... Қазақ баласының тәрбиесi қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» дегендi айтады. Яғни, баланы жастайынан шыңдау, өмiрге үйрету қажет дегендi айтады.
Ақын сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi дей келе, баланың дене тәрбиесіне қатысты бірнеше кеңестер айтады. Соған зер салып көрейік.
Жаңа дүниеге келген нәрестені өлшеу. Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, ауруға айналды ма, міне, осыларды дұрыс біліп отыру үшін баланы өлшеп отыру керек.
Жылылықты (дене қызуы) бақылау. Баланың да, жеткен адамның да өлшеуші жылылығы 37-37,5 градус болады. Бірақ жаңа туған баланың денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәуліктің ішінде бір қалыпта тұрмайды, біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Дене жылылығы термометр деген құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күн сайын өлшеп тұру керек. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады.
Дем алуын санау. Жаңа туған бала бір минутта 40-44 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойына - 40-35 рет, екінші жылда - 28, үшінші жылда - 25 рет, сөйтіп кеми-кеми 15 жаста бір минутта 17-20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден артық яки кем болуы баланың сау болмауын көрсетеді.
Тамыр соғуын қадағалау. Жаңа туған баланың тамыры бір минутта 150 рет соғады. Екі жасар баланың тамыры 120-ға шейін соғады. Баланың тамырын бала ұйықтап жатқанда байқау керек.
Бала бөлмесіне көңіл бөлу. а) Ауа. Бала бөлмесінде жиі-жиі ауа жаңартылып тұрсын. Бала жататын үйде кір жуу, кір кептіру, кірленген киім тастау жарамайды. Себебі кірдің кірі бу болып, баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді.
ә) Жылу. Бала бөлмесінің жылылығын да бақылап тұру керек. Жаңа туған бала жататын бөлменің жылылығы 17-18 градус, бір жеті мен алты жеті арасында 16-17 градус, содан соң 15-16 градус болу керек.
б) Жарық. Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек. Бөлменің жарығы мол болуы үшін оның терезелері оңтүстік-күншығысқа, не оңтүстік-күнбатысқа қарауы шарт.
Р.S. Мағжанның бұл кеңестері қазіргі тәрбие беруде де өз маңызын жоймаған. Себебі Мағжан ақын айтқан дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесiне көңіл бөлсек, шын адамды тәрбиелейтініміз анық. Ендеше, «балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын...»