Мағжанды ұлтшыл атандырған манифест Жазушылар одағының саясатын қалай өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM – Отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны Мағжан Жұмабаев қызыл террор жендеттерінің алдында не істеп «жазықты» болды?Филология ғылымының кандидаты, профессор, мағжантанушы ғалым Бақыткамал Қанарбаева «Мағжан – тіленші ақын» атты мақаласында осы сұраққа жауап іздейді. Назарларыңызға сол еңбекті ықшамдап ұсынып отырмыз.

Мағжан Жұмабаев
Фото: adebiportal.kz

Рухани майдан

Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы 60 жылдан аса ұрпақ назарынан тасаланды. Шығармалары ақталған 1988 жылдан бергі аралықта да Жұмабаев поэзиясына үрке қарау әдеті бірден сейіліп кеткен жоқ. Мағжанның атағынан аты үркетіндер арамызда әлі де бар екенін жасыруға болмайды. Ақынның «ұлтшыл» атанып, қуғынға түсуіне себепкер болған не?

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін билікке келген коммунистік партияға, тек өз саясатын насихаттайтын, талаптарына бағынып, қаулы-қарарларын жүзеге асыратын өз баспасөзі мен әдебиеті керек болды. Сондықтан «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген Лениннің мақаласын басшылыққа ала отырып, кеңес үкіметін нығайтып, бір орталыққа бағындыратын қуатты баспасөздің керегі жайлы, ұсыныс пікірлер газеттерде жариялана бастады. Ол үшін алдымен автономиялық республикаларда жұмысшы шаруа әдеби орталығын құру қажет болады. Сөйтіп алда құрылар социалистік реализм дәстүрі арқылы кеңестік кеңістікті мекен еткен халықтардың әдебиеті мен өнерін, мәдениетін бір жұдырыққа жұмылдыру ойластырылады. Оны іске асыруда шет аймақтардағы ұлттар әдебиетін социалистік бағытқа бұрып, жаңа әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеу әрекеттері жеделдейді.

Социалистік реализм дәстүрі әдебиет пен өнердің барлық саласын, идеялық мазмұнын қамтып қана қоймай, киім кию үлгілерін, өзін ұстау мәдениеті мен әдет-ғұрыпты да бір арнаға бұруға кіріседі.

Бағдарламаның осы жобасымен танысқан Мағжан Жұмабаев бұл әдебиет пен өнер өкілдерін ой еркіндігінен айырып, партия не бұйырса соны ғана орындайтын, өз ой-пікірін ашып айтып, жаза алмайтын «сана құлдығына» ұрындырып, коммунистік партияның тапсырмасымен ғана жұмыс істейтін, әкімшіл, әміршіл жүйе орнап, әдебиетке қатал террор жүргізетін қуатты қаруға айналады деп дәл болжайды. Осыны біле отырып пікір білдірмей үнсіз қалуды жөн көрмейді. 1922 жылы Қазақ автономиялық орталық комитеті қазақ тілінде шығарылатын шығармаларды көбейту туралы қаулы қабылдайды. Онда барлық қазақ ақындары мен әдебиетшілері, баспасөз ісін жандандыруға белсене араласуы керек деген талап қойылады. Қазақ баспасөзі мен көркем әдебиеттің бағыт-бағдары, алдына ұстар темірқазығы қалай болуы керек деген сұрақтар туындап, қазақ баспасөзінің орталығын құру күн талабына қойылады. Сондықтан да жоғары және орта оқу орындары мен партия, баспасөз ұйымдарынан, мәдениет мекемелерінен ұсыныс пікірлер сұралады.

Қазақ совет әдебиетінің тарихын жазған ғалымдардың пікіріне сүйенсек, қазақ ақын-жазушылары ҚазАПП (қазақ пролетариат жазушыларының ұйымы) құрылғанға дейін-ақ, ресми болмаса да, баспасөз органдары төңірегінде топтаса бастайды. Олар «Қызыл Қазақстан», «Еңбекші қазақ» газетінің төңірегіне, Орынбор, Қызылорда, Семей, Петропавл қалаларында бас қосып, жаңа әдебиетті өркендетуге кіріседі. Қазақ жазушыларының бірқатары «Ақжол», «Шолпан» журналының маңайына жиналады. Осыған байланысты 1923 жылы Ташкент қаласында Қазақ-қырғыз институтының қасынан, қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талаптың жолы» деген ұйым құрып, оның бағдарламасы «Сана» журналының №1 санында жарияланады. Оған: доктор Х. Досмұхамбетов, профессор А. Шмидт, Ә. Диваев, К. Жәленов, Н. Архангельский, Мағжан Жұмабаев мүше болады.

Онда мынадай тақырыптар қамтылады:

  • Бірінші, қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларының терминология емлесін қалпына келтіру.
  • Екінші, ұлт өнерін (искусство) тәптіштеу.
  • Үшінші, қазақ-қырғыз халқының тарихын тексеріп қарастыру.
  • Төртінші, қазақ-қырғыз мектептеріндегі оқу мәселесін реттеп жөнге келтіру.

Бесінші, қазақ-қырғыз білім қызметкерлеріне, өнер қайраткерлеріне жәрдемдесу. Сондай-ақ ұлттық қолөнер түрлерін, ел аузындағы әндер мен күйлерді, аңыз ертегілері мен мифтерді жинап, екі халықтың ортақ тарихын зерттеп зерделеу. Оны әдебиетке түсіріп, тарихын жазу туралы мәселелер қозғалады.

Бұл талаптар социалистік реализм дәстүрін қалыптастыруда ескерілу керектігі сөз етіліп, қазақ-қырғыз ғылыми комиссиясы, Мәскеу қаласындағы әдебиет және көркем өнер институтының ректоры Валерий Брюсовтың атына хат жазып, осы институттың қазақ және орыс бөлімдерінде сабақ беріп жүрген М. Жұмабаевты ғылыми кеңестің ұсынысымен Мәскеуге оқуға жіберу туралы шешім қабылдайды.

Бақыткамал Қанарбаева
Фото: Б. Қанарбаеваның жеке мұрағатынан

Мәскеу сапары

Ташкент қаласынан табылған архивтік деректерге сүйенсек, Мағжан 1923 жылғы қазан айының аяғы, қарашаның басында Мәскеуге келіп орналасқан. Бұл мезгіл социалистік реализм дәстүрінің іргетасын қалау үшін болып жатқан тартыстың қызған шағы екен. Ал қазақ ақыны осы даулы таластың үстіне келіп, өзінің әйгілі «Табалдырық» манифесін жазуды жедел қолға алады.

1929 жылы «Табалдырық» бағдарламасына байланысты Мағжан тұтқындалғанда, Петропавл қаласынан шығып тұрған «Бостандық туы» газетінің жауапты хатшысы Абдулла Байтасов, 1929 жылы 14 шілдеде, НКВД тергеушісіне берген жауабында 1925 жылы Мәскеуде оқуда жүрген Мағжан Жұмабаевтың «Алқа» бағдарламасының қолжазбасын пошта арқылы редакцияға жібергенін, оны редакцияда оқып, талқылап пікірлерін білдіруді сұрағанын растайды.

Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы шығарған, Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық. Манифест» кітабында келтірілген ғылыми дәйектемелерге сүйенсек, бағдарлама 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың алғашқы күндерінде жазылған. Мағжан осы бағдарлама арқылы, тоталитарлық билік жүйесін орнату жолына түскен, большевиктік идеологияға қарсы, алаштық саяси топтың көзқарасын білдірген. Ендеше бұл бағдарламаны Мәскеуге келген күннен қолға алып әзірлегені анық. Ондағы мақсаты социалистік реализм дәстүрін жасаушылардың алдын орап, оған өз ұсыныс пікірін өткізу болған. Ендеше бағдарлама 1924 жыл мен 1925 жылдың аралығында жедел дайындалып, қазақ зиялыларының арасына таратылып, талқылана бастаған. Бұл кезде Қазақстан билігі де ҚазАПП-ты құруды жеделдетіп, 1925 жылдың 13 маусымында «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» деген қаулысын шығарған. Онда Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшыл жазушылардың керітартпа идеяларына тойтарыс беріп, пролетариат әдебиетін дамытып, шаруа жазушыларының коммунистік платформаға тезірек ойысуы талап етілген. Осы қаулының негізінде 1925 жылы шілде айында билік шешім шығарып, баспасөзде ҚазАПП-тың құрылғанын жариялайды. Бірақ ол 1926 жылдың қазанында ғана іске асады. Оның платформасын өлкелік партия комитетінің тапсыруымен Сәбит Мұқанов дайындап, алғашқы құрылған Қазақстан Жазушылар ұйымының басшысы болып тағайындалады.

Ал осы бір айтулы датаның Мағжанның тағдырына қандай ауыр із қалдырғанын көпшілік біле бермейді. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ ақын-жазушыларының алдына қойылатын бағыт-бағдардың қандай болу керектігін бағдарлама ретінде алғаш ұсынған – Мағжан. Оны соцреализм дәстүрімен қалай байланыстыру керектігі жайлы ұсынысты енгізген де - Мағжан. Бірақ, өкінішке қарай, ол Мағжанның басына қайғының қара бұлты болып төнеді де, ҚазАПП құрылған күннен бастап оның мүшелері Мағжанға ұйымдасқан шабуылды бастап кетеді.

1924 жылдан дайындалған «Табалдырық» манифесі қолжазба күйінде, Мәскеуде оқып жүрген студент жастар мен қазақ зиялыларының арасына да жедел таратылып, таластар мен ұсыныстар да көбейеді. Ондағы өз тұжырымында Жұмабаев: «...пролетариатпен қол ұстасып, жаңа дүниеге бет алған жолымызда, өзіміздің шығыстығымыз, қазақ иісіміз шықпауы мүмкін емес... Бағыттың бір екені даусыз болғанымен, пролетариаттың өз тарихының, машинасының қайыс камзолының иісі шықпауы, қазақтың мыңжылдық тарихының, елтірі тымағының иісі шықпауы мүмкін емес» дей келіп, қазақ ақын-жазушыларын екі тапқа бөліп, бірімен-бірін қақтығысқа апаруға қарсылық білдіреді.

Сондай-ақ көркем шығармалар тек партияның тапсырмасымен ғана жазылуға тиіс деген тоқтамға қарсылығын былай білдіреді:

«Саясатшыл адамзаттың алдындағы бүгінгі мәселе, бірінші тұрмыс мәселесі тұратын болса, ақынның алдында өткен, бүгін, келешек – үшеуі де тұруға тиіс. Осы үшеуінің арасына көпір салуға міндетті. Қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасында бірталай айырма бар. Пролетариат ақыны төңкерісті өзі жасаған, өзі қиратып, өзі құрып жатқан төңкерісті, өзінің тарихы тудырған. Европа тарихының машина дәуірі тудырған ойы, сезімі – завод, фабрикке байланған таптың ақыны. Қазақ ақынының тарихы бөлек, тұрмысы бөлек, рухы бөлек. Төңкеріске жолдан қосылған. Сондықтан екеуінің ақындығының мінезі бір болуы мүмкін емес. Бірақ негізі бір болуға тиіс».

Осыдан-ақ Мағжанның неге тарихи аңыздар мен мифтерді, Абылай хан мен батыр Баян, Кенесары мен Сыздық сұлтан, Қойлыбайдың қобызы, Қорқыт туралы аңыздарды поэма сюжетіне арқау еткенін түсінеміз. Өзі айтқандай, болашақ ұрпақ пен араға көпір салған. Елінің ерлікке толы өткен қанды жорығын жырлап, жас ұрпақтың ұлттық сезімін оятып, елінің болашағына деген сенімін нығайтқан. Ұлтының ұлттық құндылықтарына деген құрметін оятқан. Сол арқылы тәуелсіз мемлекет болатындықтарына деген сенімін нығайтқан.

Міне, күні бүгінге дейін біреулердің үрейін алатын Мағжанның «ұлтшылдығының» ақиқаты осындай еді. Ақын қазақ тарихын тек төңкерістің кіндігіне байлап тастауға қарсы болды. Жұмысшы мен шаруаның жайынан басқаны жазуға тыйым салып, ақын-жазушылардың ой еркіндігін тізгіндеуге келіспеді. Әдебиет пен өнердегі тақырыптық шектеулерге қарсы болды. Ұлттық өнер мен күй, аңыздар да әдебиеттің өзегіне айналуы керек дегенді батыл айтып, іспен үлгі көрсетеді.

«Әдебиет домбырасында бір ғана ішек болмай, көп ішек болу керек. Бірақ барлық ішекті басқанда бір ғана күй шығатын болсын», - деген талап қояды.

книга кітап библиотека кітапхана
Фото: Kazinform

«Табалдырықтан» «Алқаға» дейін

Мағжан жасаған, қазақ әдебиетінің осы бағыт-бағдары, пошта арқылы қолжазба күйінде, «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ» газеттеріне талқылауға жіберіледі. «Табалдырық» манифесінің негізінде «Алқа» атты әдеби ұйым құруды ойластырған идеясын Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының бәрі дерлік қолдайды. Бағдарламамен танысқан Ілияс Жансүгіров оған өз тарапынан ұсыныс-пікірлерін қосқан. Мәскеуде өзі сабақ беріп жүрген Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде (КУТВ), Мемлекеттік журналистика институтындағы (ГИЖ) студенттер арасында да «Табалдырық» манифесі оқытылып, талқыланған. «Бұдан жасырын таратылған бағдарламаны Мұхтар Әуезов тергеушілерге өзі тапсырған екен» деп айтылып жүрген өсектің бәрі жалған екендігі дәлелденеді. Бағдарлама жасырын емес, жұртқа ашық жария түрде таратылған.

«Табалдырық» бағдарламасындағы айтылған осы әдеби ұстанымы 1929 жылы маусымда тұтқындалып, 10 жылға сотталғанда, одан 1936 жылы маусымда оралып, 1937 жылдың 30 желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 6 қаңтарында, өлім жазасына кесілер алдында тергеушіге берген жауабына да тіркелген. Осы екі тұтқындалуда да «Табалдырық» бағдарламасының жобасы туралы жауап алынады. Соцреализм дәстүрін толықтыруға ұсынған пікірінен партияға қарсылық, ұлтшылдық бағыт ізделеді. Ендеше бұл бағдарлама «ұлтшыл» атануының негізгі себепкері болған.

Сталиннің нұсқауымен жазылып жатқан, соцреализм дәстүрінің олқы тұстарын көрсетіп, оны қалай толықтыру керектігіне кеңес бергені үшін, шамырқана шамданған, менменшіл өктем биліктің қаһарына ұшыраған. Жапонияның тыңшысы деген жалған жаланың астарлы сыры да осыған жетелейді. Осы ойымды профессорлар Т. Жұртбаевтың «Алаш арыстары», Ш. Елеукеновтің «Мағжан» атты монографиясындағы, КГБ-ның архивінен алып келтірілген (6-к., 07875 іс., 2 т. 54 об.п) дәйектемелерде дәлелдейді. Алаштанушы ғалым М. Қойгелдиевтің ҚР ҰҚК АДМ-дан алып баспаға әзірлеп берген деректері де растай түседі.

Сондай-ақ 1937 жылғы тергеу кезінде де алаштықтардан «Табалдырық» бағдарламасы төңірегінде пікірлері сұралыпты. Олар бірауыздан Мағжан Жұмабаевтың әдеби ұстанымы ұлтшылдық бағытта жазылмағанын, керісінше социалистік реализм дәстүрін толықтыру мақсатында жазылған ұсыныс екенін дәлелдеп баққан.

Оған Әбдірахман Байдильдиннің 1929 жылы 1 июльде тергеушіге берген жауабындағы мына сөздері дәлел: «Мен 1924 жылы Мәскеуде Нәзір Төреқұлов басшылық еткен, Орталық кіндік баспаның қазақ секциясында қызмет еттім. Онда Әлихан бастаған алаштықтармен бірге Мағжан да қызметтес болды. Сол кезде Жұмабаевтың «Табалдырық» платформасының қолжазбасымен бәріміз де таныстық. Менің қарсыласқаныма қарамай, сол бағдарламаны басшылыққа алған Нәзір Төреқұлов «Ер Сайын», «Ер Тарғын», «Кенесары-Наурызбай», «Қобланды» мен «Қозы Көрпеш» және қазақ хандары мен батырлары жайлы «Аламан» атты жырлар жинағын шығарды. Мұның бәрін олар қазақ жастарын ұлтшылдыққа тәрбиелеу мақсатында жариялады. Менің ұстанған көзқарасыммен де, пікіріммен де келіспей, мені қызметтен шығарып жіберді», - дейді.

Міне, Жұмабаевтың бағдарламасы сол кезде-ақ қолдау тапқан. Оған Жансүгіровтың «Дала», «Күй» мен «Күйші» және «Құлагер», «Бозінген» мен «Исатай-Махамбет», М. Әуезовтің «Хан Кене», Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Х. Бекхожиннің «Құралай сұлу» поэмалары дәлел бола алады.

Кейін Мағжанның ұсыныс-талаптары талқан болып, Қазақстан жазушыларының шығармашылық ұстанымы болуға тиіс «Табалдырық» манифесінің барлық таралымы тоқтатылып, жойылады. Ал өзі 1929 жылы маусымда тұтқындалады.

«Алқадан» азаттыққа дейін

10 жылға сотталған Мағжанның үш жылын қысқартып, 1936 жылы түрмеден ертерек шығуына жәрдем еткен Максим Горький 1934 жылы Совет Одағы Жазушыларының бірінші сьезінде сөйлеген сөзінде: «Тек орыс әдебиетінің ғана күш-құдіретін насихаттай бермей, өзге ұлттардың да тарихын түгендеп, өзіндік ерекшелігі көрінетіндей, ұлттар әдебиетінің түрлі жанрдағы шығармалар жазуына мүмкіндік берейік», - деп ол ұсынысын жазушылар уставымен бекітеді.

Горькийдің бұл пікірінің астарынан екі ұшты ой көрінеді. Біріншіден, ежелден кең тамырлы орыс әдебиеті енді ғана талпына бастаған, уақ ұлттардың әдебиетімен бір деңгейде емес, одан жоғары деп есептесе керек. Сондықтан екеуін қатар қойғысы келмейді. Тіпті, тақырыбы мен мазмұны да ерекше, енді дами бастаған ұлттар әдебиетінің айтары да бөлек. Сондықтан да оларды өзгеше сөйлету керек дегенге саяды. Ал Мағжан 1924 жылғы манифесінде былай деп жазған:

«Қожалық құрған, билеп-төстеген, үстем ұлттың әдебиеті мен төменшік, әлсіз, езілген, бодан ұлттың әдебиеті бір болмайды. Қазақ әдебиетінің ұлы орыс әдебиетінен айырмасы бар һәм болмақ... өмірлік негіздің бірден шайқалып жоқ болмайтындығы сияқты әдебиеттегі ұлтшылдық сезімнің де «тез заманда қала қоюы мүмкін емес».

Осылайша Мағжанның сонау 1924 жылы жалынып сұраған, «Табалдырық» манифесіндегі тілегі 1934 жылғы жазушылардың сьезінен кейін, Горькийдің басшылығымен қолданысқа ішінара енгізілді деуге болады. Социалистік реализм дәстүріндегі басты қажеттілік ретінде суреткерлердің шығармашылық бейіміне, форма мен жанр, стилдік таңдау ерекшеліктеріне еркіндік беріледі. Ұмытыла бастаған әдебиет пен өнердегі, өмірдегі салт-дәстүрлер қайта жаңарады. Әр ұлттың тарихи даму ерекшеліктері ескеріледі. Сол негіздегі жаңа шығармалар жазылып, ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер совет әдебиетінің бас қаһармандарына айналады. Жаңадан жазылатын көркем туындылар да ежелгі көне әдебиетке тән теңеулер мен бояулар жаңа мазмұнды суреттеулерге айналып, совет әдебиетінің әрін келтіреді.

Тарихи көркем шығармаларда жазыла бастаған жеке қаһармандардың өршіл әрекеті бұқараның тілектерімен үйлесімділік тауып, көркемдікпен баяндалсын деген талаптар қосылады. Міне, осының бәрі «Табалдырық» бағдарламасының тезисінде бар еді.

Мағжан Жұмабаев
Фото: ru.scribd.com

Ал бүгінде жас өмірін құрбан етіп жазған Мағжанның «Табалдырық» манифесі зая кеткен жоқ. Алаш арыстары арман еткен дәрежеде іске асырылып келеді. Оған тарихи тақырыптар және қазақ әдебиеті мен өнерінің түрлі жанрында жазылып, жасалып жатқан еңбектер дәлел. Мағжан поэзиясының өміршеңдігі мен қажеттілігі сол – жас ұрпақты ұлт ретінде өзін-өзі сыйлап-құрметтеуге үйрете отырып, елін, жерін сүюге тәрбиелейді. Қазақтың өткен тарихын жырлау арқылы ұлттың рухын көтеріп, дербес мемлекет болуға деген сенімдерін нығайтады.

Автор пайдаланған әдебиеттер:

1. Ағартушы Халел Досмұханбетов. Шығармалары. 2004., 236-б.

2. М. Жұмабаев. Табалдырық. Манифест. 2011., 40-б.

3. С. Мұқанов. Есею жылдары. 1964., 230-б.

4. Ш. Елеукенов. Мағжан. 1995., 109-110- б.

5. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1962., 124-б.

Соңғы жаңалықтар