«Махаббат бесігі» деп аталатын көркем фильм жарық көрді

Оны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп отыр. Фильм сценарийінің авторы және қоюшы режиссері Тоқтар Қарсақбаев, операторы Мұрат Нұғыманов, суретшісі Алексей Шиндин, продюсері Майра Қарсақбаева. Онда басты кейіпкерлерді Әділ Тәліпов, Аружан Жазылбекова, Динара Тілендиева, Лэйн Дэвис, Орынғали Ахметов сияқты актерлер сомдаған. Бұл мелодрама Марат пен Анелдің арасындағы махаббат пен олардың айналасында жүрген жақын адамдардың әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынасқа құрылған.
«Мен бұл фильмді Абдолла Қарсақбаевтың рухына арнаймын. «Менің атым Қожа» сияқты фильмімен Кеңес Одағы дәуірінде халықаралық «Канн кинофистиваліне» қатысқан екінші режиссер болған А.Қарсақбаев әке ретінде ғана емес, ұлттық кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан үлкен тұлға болды. Халық өзінің ардақты азаматтарын ешқашан ұмытпайды. Олардың есімдерін ұлықтап, еңбектерінен үлгі-өнеге алады», - дейді режиссер Т.Абдоллаұлы.