Махамбеттанушы ғалым Қ.Әбисатов М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры атанды

Кезінде Қайыржан Әбисатов Махамбеттің сүйегін қайтадан пәктеп, арулап қоюшы топ құрамының жетекшісі болды және ақын мүрдесіне анатомиялық сараптама жүргізуші топты басқарған дәрігер-ғалым.
Аталмыш оқу орнында Қ.Әбисатовтың ғылыми шығармашылығына арналған «Махамбеттанушы ғалым-азамат» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы болып, онда университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор Асхат Иманғалиев ғалымның Махамбеттануға қосқан үлесі мол екендігін атап өтті.
Айта кетейік, соңғы үш жылдан бері университет жанында «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен Махамбет қабірінің басына және ақынның табаны тиген Бөкей ордасы, Нарын құмына құрамында ғалым-зерттеушілер, өнертанушылар, өлкетанушылар, студенттер бар экспедициялар ұйымдастырылды. Аталған экспедиция құрамы осы жылдың маусым айында Исатай мүрдесі жерленген Шейітсай (Ақтөбе) қорымына барып тағзым етпек. Соңғы жылдары қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Махамбет оқуларын» жыл сайын өткізу дәстүрге айналып келеді. Биылғы қазан айында VІІ «Махамбет оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Оған ТМД елдерінен белгілі тілші-әдебиетші, тарихшы ғалымдар шақырылмақ. «Махамбет» ҒЗО биылдан бастап жылына екі рет «Исатай-Махамбет» ғылыми-педагогикалық, тарихи-әдеби, ақпараттық-танымдық журналын шығармақшы. Басылымның алғашқы саны таяуда жарық көргелі отыр.