Махмуд Сабырханның даулы жекпе-жегіне төрелік еткен қазылар жарыстардан шеттетілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Махмұд Сабырханның даулы жекпе-жегіне төрелік еткен қазылар алдағы турнирлерден шеттетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

Махмуд Сабырхан
Фото: Арлан Олжабай / ҰОК

Мадияр Әшкеев ұлттық құрама боксшыларының Азия ойындарына дайындығына тоқталып, АҚШ-та өткен оқу-жаттығу жиынының нәтижелі болғанын айтты.

Оның сөзінше, спортшылар бір жарым ай бойы тыңғылықты дайындалып, бапкерлер белгілеген тактиканы толық меңгерген.

Әшкеев әсіресе 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Махмуд Сабырханның дайындығын жоғары бағалады. Алайда филиппиндік Карло Пааламға қарсы өткен жартылай финалдық кездесуде төрешілер ұпай есептеу кезінде қателік жіберген деп есептейді.

– Махмұд бұл жарысқа жүз пайыз дайын болды. Екінші раундта қарсыласынан бір ұпай шегерілді. Мұндай жағдайда раунд 10:9 есебімен бағаланса, ұпай шегерілгеннен кейін 9:9 болуы керек. Ал Махмұд сол раундта басым түскендіктен, есеп 10:8 болуы тиіс еді. Бірақ төрешілердің мұны неге ескермегенін түсінбедім. Федерация басшысы Шахмұрат Мүтәліп те осы жағдайға назар аударып, қазылардың келесі турнирлерден шеттетілетінін айтты, – деді Мадияр Әшкеев.

Ол төрешілер шешіміне қарамастан, Махмұд Сабырханның лайықты өнер көрсеткенін атап өтті.

Азия ойындарында Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде ирандық Мехди Каземиді жеңді. Одан кейін ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Шин Джэённан басым түсті.

Алайда жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы филиппиндік Карло Пааламға төрешілердің бөлек шешімімен 2:3 есебімен есе жіберді.

Осылайша, қазақстандық боксшы 55 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.

Әзірге төрешілерді жарыстардан шеттету туралы ресми шешімге қатысты ақпарат жарияланған жоқ.