14:20, 02 Шілде 2012 | GMT +5
Македония Республикасы Президентінің сапары Қазақстанмен арадағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға соны серпін береді - Н.Назарбаев
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Македония Республикасының Президентінің сапары Қазақстанмен арадағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға соны серпін береді. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан мен Македония Президенттері бірлескен мәлімдеме жасау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Президент Македония Қазақстанның Балқандағы негізгі әріптесі екенін атап өтті.
«Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай қарым-қатынас онша көп дамыған жоқ. Сондықтан сауда-саттық ауқымы да көп емес. Осы орайда бұл кездесудің өте үлкен маңызы бар», - деп атап өтті Елбасы.
Атап айтқанда, келіссөздердің қорытындысы бойынша Н. Назарбаев пен Г. Иванов бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұл құжат саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осы құжат екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беретінін жеткізді.
Айта кетейік, бұл - Елбасының шақыруымен Македония Президентінің Қазақстанға жасалып отырған тұңғыш сапары.