Макин қаласында әскери награда 22 жылдан кейін мұрагеріне табысталды

1968 жылы әскери-теңіз флоты құрамында азаматтық борышын өтеу кезінде қаза болған жауынгердің туған-туысқандарына әскери награданы табыс етті.
Осы өңірге қарасты Журавлевка ауылының тумасы Валентин Носачев 1968-ші жылы Қызыл жұлдызды Тынық мұхиты әскери флотының бір бөлімшесінде «К-129» сүңгуір қайықта әскери қызметін атқарып жүрген. Сол жылы белгісіз себептерден әскери техника құрамындағы жүзге тарта жауынгерімен із-түзсіз жоғалып кетеді. Араға уақыт салып ащы шындықтың беті ашылып, 1998 жылы Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен қаза тапқан жауынгерлер марапатталған. Құрамында елшілік өкілі, « Флот туысқандығы» қоғамдық бірлестік төрағасы Марат Сердалиев, аудан әкімі Ермек Нұғыманов бар ресми өкілдер салтанатты жағдайда опат болған сарбаз наградасын қарындасы Антонина Григорьевнаға табыс етіп, азаматтық борышына берік болған бауырына қошемет көрсетті. Батыр сарбаздың інілері мен қарындастары ағаларын еске алып, мәңгі есте сақтайтындықтарын білдірісті.