Макрон 15 жастан кіші балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын мәлімдеді

АСТАНА.KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон сейсенбі күні кешке Францияда «таяу айларда» 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Макрон 15 жастан кіші балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын мәлімдеді
Фото: Анадолы

Франция басшысы Еуроодақ бұл мәселе бойынша белгілі жетістікке қол жеткізбесе, осындай шешім қабылдайтынын айтты.

Еуропалық БАҚ Франция мен Испанияның қолдауымен Грекия ЕО-ны жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақытын айтарлықтай шектеуге шақыру үшін күш салып жатқанын жазады.

Алайда, сейсенбі күні таңертең орта мектептегі мұғалім көмекшісінің өлімінен кейін француз жұртшылығы алдында сөз сөйлеген Эмманюэль Макрон тезірек әрекет еткісі келеді.

— Біз күте алмаймыз, — деді Макрон Ножандағы (Жоғарғы Марн департаменті) атышулы кісі өлімінен кейін France 2 телеарнасына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ Франция жақын арада порнографиялық сайттарға қарсы қабылданған шараларға ұқсас онлайн пышақ сататын веб-сайттарда жас мөлшерін тексеруді енгізетінін хабарлады.

— 15 жастағы жеткіншек бұдан былай онлайн пышақ сатып ала алмайды. Бұған біз жаппай қаржылық санкциялар мен тыйым енгіземіз, — деп уәде берді ол.

Бұған дейін премьер-министр Франсуа Байру кәмелетке толмағандарға пышақ сатуға тыйым салу үшін тез әрекет еткісі келетінін айтты.

— Мен 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігіне тыйым саламын. Платформаларда жасты тексеру мүмкіндіктері бар, — деп жазды Макрон.

Француз билігі кейбір әлеуметтік желілерді, соның ішінде X, Reddit, Bluesky және Mastodon сайттарын порнографиялық сайттар ретінде жіктеу арқылы жас мөлшерін тексеруді енгізуге мәжбүрлеп жатыр.

Порно сайттарды қолданушылардың жасын тексеруді талап ететін шаралар 7 маусымда күшіне еніп, Франциядағы әлемдегі ең үлкен Pornhub порно сайтының жабылуына әкелді.

Соңғы жаңалықтар