Макрон Франциядағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды қатаң жазалауға уәде берді

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон 17 қазандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде дүкендерді тонап, қоғамдық ғимараттарды қиратқандар қатаң жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Ел басшысы зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, келтірілген шығын өтелетінін айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Макрон
Фото: Anadolu

Макрон жексенбі күні кешке елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты халыққа телеүндеу жасады. Ол жағдайды «аса күрделі кезең» деп атап, сенбі күні Францияның бірқатар қаласында наразылық акциялары тонау, қирату және полициямен қақтығысқа ұласқанын айтты.

Президенттің сөзінше, радикалды солшыл топтардың өкілдеріне көптеген құқық бұзушы қосылып, қалаларда жаппай зорлық-зомбылық жасаған. Дүкендер тоналып, Лимож, Лион және Марсель қалаларындағы қоғамдық ғимараттар мен мэрияларға шабуыл жасалған. Жүздеген полиция қызметкері мен жандарм жарақат алған.

— Мұны ешбір ақтауға да, түсіндіруге де, кешіруге келмейді. Бүгін кешке бәріміз ашу мен ұят сезімін бастан кешіріп отырмыз, — деді Франция президенті.

Сонымен қатар Макрон бейбіт наразылық білдірушілерді қоғамдық тәртіпті бұзғандармен теңестіруге болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, акцияға қатысушылардың бір бөлігінің заңды талаптары болғанымен, тонау мен қиратуға барғандар жауап беруі керек.

— Бүлік шығарғандар мен зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты табанды әрекет етеміз. Тыңдау және диалог жүргізу әлсіздік немесе жазасыздық дегенді білдірмейді, — деді ол.

Президент құқық бұзушыларды жауапқа тартуды талап етіп, келтірілген шығынның өтелуі керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына, әкімдерге, зардап шеккен кәсіпкерлер мен қолөнершілерге қолдау білдірді.

Дүйсенбіден бастап премьер-министр Себастьен Лекорню зардап шеккендерге жедел көмек көрсету жөніндегі дағдарыс тобын басқарады. Макрон Ішкі істер министрі Лоран Нуньесті қоса алғанда, үкімет мүшелеріне оқиғадан тиісті қорытынды шығаруды, әсіресе қауіп-қатерді алдын ала анықтау және барлау жұмыстарына қатысты шараларды қайта қарауды тапсырды.

Қажет болған жағдайда префектілер мен әкімдер қоғамдық ғимараттар мен дүкендерді қорғау үшін жекелеген жиындарға тыйым сала алады. Алдағы күндері премьер-министр саяси партиялар, кәсіподақтар және студенттер өкілдерімен кездесіп, зорлық-зомбылықты айыптау және жағдайды шешу жолдарын талқылайды.

Алты айдан кейін өтетін президенттік сайлауды еске салған Макрон елді тәртіп пен сабырға шақырды. Оның пікірінше, саяси пікірталастар көшедегі зорлық-зомбылық арқылы емес, саяси партиялар арасындағы ашық пікір алмасу арқылы өтуі керек.

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 17 қазандағы наразылық акцияларына ел бойынша шамамен 550 мың адам қатысқан. Екі мыңнан астам адам ұсталған.

Макронның телеүндеуі Елисей сарайында премьер-министрмен және тиісті министрлермен өткізген кеңесінен кейін жасалды.