Макрон Францияның жаңа премьер-министрін тағайындады
АСТАНА.KAZINFORM — Франция президенті Эммануэль Макрон орталық оңшыл саясаткер Мишель Барньені премьер-министр етіп тағайындап, оған үкімет құруды тапсырды, деп жазады ВВС.
Барнье үкіметі 30 маусым мен 7 шілде аралығында өткен сайлаудан кейін парламент мүшелерінің сеніміне ие бола ма, жоқ па — әзірге белгісіз.
73 жастағы Барнье — Франциядағы консервативті республикашылдар (LR) партиясының ардагері.
Ол сондай-ақ Еуропалық Одақ құрылымдарында жұмыс істеген және 2016-2019 жылдары Ұлыбританияның ЕО-дан шығу шарттары бойынша келіссөздерге жетекшілік еткенімен танымал.
Макрон кезектен тыс сайлаудан екі ай өткен соң премьер-министрді тағайындауға мәжбүр болды, өйткені өзінің центристік альянсы парламенттегі орнынан айырылды, ал оңшыл «Ұлттық бірлестік» Марин Ле Пен мен солшыл партиялар альянсы абсолютті көпшілік дауысына ие бола алмады және үкіметті өз бетінше құра алмады.
Парламентте 2025 жылға арналған бюджетті талқылау күні жақындап келеді. Ол қазан айында басталуы тиіс. Ал сайлаудан кейін қалыптасқан тығырықтан шығу қажеттігі күшейіп келеді.
Макрон тұрақты үкіметке кепілдік беретін жоғары қолдауға ие адам іздеп, премьер-министр лауазымына бірнеше кандидатты қарастырды.
Макрон кеңсесі Барньенің премьер-министр болып тағайындалғанын жариялаған мәлімдемесінде оған «елге және француз халқына қызмет ететін біріктіруші үкімет құру» міндеті жүктелгені айтылған.