Макрон Иран мен АҚШ-ты Ормуз бұғазын бірлесіп ашуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті Эммануэль Макрон Иран мен АҚШ билігі арасында үйлестіру арқылы Ормуз бұғазын ашуға шақырды. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.
Франция президенті Макрон Еуропалық саяси қоғам саммиті қарсаңында Ереванда журналистер алдында сөз сөйледі.
Макрон екі ел арасында уақытша бітімге қол жеткізілгеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен және Иран президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер жүргізгенін айтты.
– Бітім Ливанды да қамтуы және Ормуз бұғазының қайта ашылуын көздеуі тиіс еді, – деді ол.
Макрон 17 сәуірде Парижде Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы еркіндігін қамтамасыз етуге арналған конференция өткенін еске салды.
– Сол күні АҚШ-та Ормуз бұғазын бұғаттау туралы жарияланды, – деді ол.
Макрон АҚШ бұғазды қайта ашуға дайын болса, бұл тек құптарлық қадам болатынын айтып, Францияның бастапқыдан-ақ осындай талап қойғанын атап өтті. Сонымен бірге Париж қандай да бір күш қолдану операцияларына қатыспайтынын, өйткені олардың ауқымы нақты айқындалмағанын жеткізді.
Оның айтуынша, бұғазды қайта ашу үшін арнайы миссия құрылған, ал оның әскери жоспарлауы Лондонда жүргізілген.
– Біз оның Иран мен АҚШ арасында үйлестірілген түрде қайта ашылғанын қалаймыз. Бұл – Ормуз бұғазының тұрақты түрде ашық болуын қамтамасыз етудің және кеме қатынасы еркіндігін ешқандай шектеусіз әрі төлемсіз сақтаудың жалғыз жолы, – деді Франция басшысы.
Макрон сондай-ақ Ливандағы бітім режимін сақтау аса маңызды екенін айтып, тараптардың тиісті міндеттемелер алғанын атап өтті.
Еуропалықтардың қауіпсіздік саласында өз шешімдерін қалыптастырып жатқанын айтқан Макрон бұл бағыттағы қадам 2022 жылы Еуропалық саяси қоғамды құру арқылы жүзеге асқанын жеткізді.
– Біз Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру үшін «ниет білдірушілер коалициясын» құруға шешім қабылдадық. Біз мұны арнайы операция мен Ормузды босату миссиясы аясында жүзеге асырдық, – деді ол.
Макрон еуропалықтардың «өз тағдырын өз қолына алып жатқанын», қорғаныс пен қауіпсіздік шығындарын арттырып, бірлескен шешімдер әзірлеп жатқанын айтты. Сонымен бірге ол Еуропа бұл қадамдарды ешкімге жауап ретінде жасап отырмағанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея мен Франция Ормуз бұғазындағы бақылауды күшейтетінін жаздық.