Макрон Қазақстанға сапары жайлы желіге жазды: Жастар — біздің достығымыздың айнасы

Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапарынан кейінгі әсерін X әлеуметтік желісінде бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.

макрон
Фото: әлеуметтік желіден скрин

— Қазақстан мен Франция арасында бүгін көптеген келісімдер жасалды. Бұл — біздің маңызды сын-қатерге қарсы ынтымақтастығымыз. Міне, біздің жастар! Олар — мәдениетіміз бен тілімізді байланыстырушы. Мен Астанада кездестірген жастар — біздің достығымыздың айнасы, — деп жазды Э. Макрон.

Бұған дейін Франция президентінің 1 қарашада Қазақстанға ресми сапармен келгені хабарланған болатын.

Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Эмманюэль Макронмен кездесті, кездесу рәсімінен кейін екі ел басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Әріптестік кездесу барысында Қазақстан Президенті Францияның Еуропалық Одақтағы біздің негізгі және сенімді серіктесіміз, сондай-ақ экономикамызға ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.

Бұған дейін Франция Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салған.

Бірлескен жобалар энергетика, бейбіт атом энергетикасы, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, аэроғарыш, фармацевтика және басқа да салаларға қатысты.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалады. Кейін Франция президенті кеңейтілген жиында сөз сөйледі.

Кеңейтілген отырыста Қазақстан басшысы қол қойылған бірқатар келісімдерді атап өтті.

— Біз мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың маңызын ескере отырып, білім және ғылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Осыған орай елімізде француз мектептерін ашу, француз тілін оқыту, академиялық байланысты дамытуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөздердің қорытындысы туралы баяндады.

Кейінірек Э.Макрон X әлеуметтік желісінде Қазақстан мен Франция қарым-қатынастарын дамытып, жаңа қадамдар жасауға дайын екенін атап өтті.