Макрон мен Шольц Еуропа үшін жаңа бағыт құруды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті мен ГФР канцлері АҚШ президентінің Еуроодақ тауарларына баж салығын енгізу қоқан-лоққылары тұсында Еуропаны күшті және тұрақты ету қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Эмманюэль Макрон сөзін Еуропаға бағыттап, бірлікті нығайтуға, көбірек амбиция мен батылдық танытып, тәуелсіз болуға шақырды. Бұл мәлімдеме Париждегі Елисей сарайында Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде жасалды.
Екі көшбасшы АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың ЕО импортына баж салығын енгізу қаупі жағдайында Еуропаны күшті және тұрақты ету қажеттілігі туралы айтты.
— Біздің ұстанымымыз анық: Еуропа — шамамен 450 млн адам тұратын үлкен экономикалық кеңістік. Біз күштіміз және біртұтаспыз. Еуропа тайсалмай, жасырынбайды, керісінше, сындарлы және өзіне сенімді серіктес болады. Осы негізде біз АҚШ-пен және Американың жаңа президентімен табысты ынтымақтасатын боламыз, — деп мәлімдеді Олаф Шольц.
Макронның пікірінше, Париж мен Берлин трансатлантикалық байланыстарды сақтай отырып, өз мүддесін қорғауға қабілетті күшті Еуропаны құруда жетекші рөл атқаруы керек.
Макрон француз-герман серіктестігі еуропалық күш пен тұрақтылықтың ең маңызды шарты болып қала беретінін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Макрон армияны нығайту үшін жас еріктілерді тартуға ниетті екенін жазған болатынбыз.