Макрон: Палестинаға қатысты БҰҰ конференциясы кейінге шегерілді
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде 17 маусымда өтуі тиіс болған Таяу Шығыс бойынша халықаралық конференция «логистика және қауіпсіздікке байланысты мәселелерге» орай кейінге қалдырылды, деп жазады ТАСС.

Бұл туралы Франция президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайы таратқан баспасөз мәслихатында мәлім етті.
— Біз бұл конференцияны логистика мен қауіпсіздікке байланысты кейінге шегеруге мәжбүрміз, себебі Палестина автономиясының басшылары БҰҰ-ға келе алмайды. Алайда конференция жақын арада міндетті түрде өтеді. Алдағы күндері біз өңірлік көшбасшылармен, ең алдымен Сауд Арабиясымен бірлесе отырып, жаңа күнді белгілейміз, — деді Макрон.
Франция президенті бұл кейінге шегеру Францияның Палестинаның мемлекеттік дербестігін мойындауға және Израильмен қақтығысты шешудің «екі мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға деген ниетіне ешқандай күмән келтірмейтінін атап өтті.
— Біздің мақсатымыз — Израильдің бар екенін және оның қауіпсіздігін мойындайтын, демилитаризацияланған Палестина мемлекетін құру. Ол мемлекет халықаралық қолдауға ие болуы керек, — деді ол.
Палестина мәселесі жөніндегі конференция
17–20 маусым аралығында Сауд Арабиясы мен Франция БҰҰ штаб-пәтерінде жоғары деңгейдегі конференция өткізуі тиіс болған. Оның мақсаты — Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты шешуде «екі мемлекет» қағидатын ілгерілету үшін жаһандық күш-жігерге серпін беру.
Бұған дейін Макрон бұл жоғары деңгейдегі форум Палестина мемлекеттігін мойындау үдерісіне және Израильдің бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүру құқығын тануға жаңа серпін береді деп мәлімдеген еді.
Қазіргі таңда Палестина мемлекеті БҰҰ-ға мүше 148 ел тарапынан мойындалған. 95 елде Палестинаның елшіліктері мен тұрақты өкілдіктері жұмыс істейді.
«Екі халыққа – екі мемлекет» қағидаты 1967 жылғы шекаралар шеңберінде астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан, Израильмен бейбіт өмір сүруге дайын тәуелсіз Палестина мемлекетін құруды көздейді.
Бұған дейін Макрон Газа бейбіт тұрғындары шеккен азап аяқталуы тиіс екенін атап өткен еді.