Макрон ресми сапармен Жаңа Каледонияға барады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Каледониядағы тәртіпсіздіктерге байланысты Франция президенті Эмманюэль Макрон жақын арада аралға баруды жоспарлап отыр.

«Президент Э.Макрон Жаңа Каледонияға жергілікті уақыт бойынша бейсенбі күні таңертең келуі керек», - деп жазады Le Figaro басылымы.
Француз көшбасшысының келуі туралы хабардан кейін Каледония үкіметі архипелагқа «бұрын-соңды болмаған» кибершабуыл жасалғанын хабарлады.
«Кеше түнде біз Жаңа Каледонияда бұрын-соңды болмаған күшті кибершабуылға тап болдық, өйткені интернетке қол жеткізу провайдеріне сырттан шабуыл жасалды», - деді жергілікті үкімет мүшесі Кристофер Гижес.
Аустралия мен Фиджи арасында орналасқан Жаңа Каледония – тәуелсіздікке ұмтылған француз территориясы.
Жаңа Каледонияда болған жуырдағы толқулар архипелагтың байырғы халқы кемсітушілік деп қабылдаған жаңа сайлау заңынан туындады.
Тәртіпсіздік бірнеше күннен бері жалғасып, одан 6 адам қаза тапты.