Макс Ферстаппен «Формула-1» Лас-Вегас Гран-приінде жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — «Формула-1» жарысының 22-кезеңі Лас-Вегас Гран-приінде Нидерландының Red Bull командасының өкілі Макс Ферстаппен жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Анадолы.

Макс Ферстаппен
Фото: Анадолы

АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өткізілген жарыста трассаның ұзындығы 6,2 км болды, ал жарыс 50 айналымнан тұрды. Яғни, жарысқа қатысушылар осы 6,2 км жолды 50 рет айналып өтті.

Екінші позициядан старт алған Ферстаппен бірден көшбасшылардың қатарына шықты және жарысты 1 сағат 21 минут 8,429 секунд нәтижесімен аяқтады. Бұл жеңіс оның ағымдағы маусымдағы алтыншы, ал карьерасындағы 69-шы жеңісі болды.

Британдық «Макларен» командасының спортшысы Ландо Норрис екінші орынға тұрақтады. Үшінші орынды «Мерседес» командасының өкілі Джордж Расселл алды, ол көшбасшымен салыстырғанда 23,546 секундқа артта қалды.

Осы нәтижесінің арқасында Норрис жеке есепте көшбасшылықты сақтап қалды: оның маусым аяқталуға екі кезең қалғанда 408 ұпайы бар. Жарыста төртінші орынды аустралиялық Оскар Пиастри («Макларен») алды, оның ұпайы — 378. Ферстаппен 366 ұпай жинап үшінші орынға жайғасты.

Келесі, 23-кезең — Қатар Гран-приі 30 қарашада өтеді. Онда Норрис чемпиондық атақты мерзімінен бұрын рәсімдеуі мүмкін.

Лас-Вегас Гран-приінен кейін жарысушылар мен командалар арасындағы алғашқы бес орын төмендегідей болды:

Пилоттар:

1. Ландо Норрис (Ұлыбритания) — 408 ұпай

2. Оскар Пиастри (Аустралия) — 378

3. Макс Ферстаппен (Нидерланды) — 366

4. Джордж Расселл (Ұлыбритания) — 291

5. Шарль Леклер (Монако) — 222

Командалар:

1. McLaren — 786

2. Mercedes — 423

3. Red Bull Racing — 391

4. Ferrari — 371

5. Williams — 117

Бұдан бұрын қыркүйекте «Формула-1» Әзербайжан Гран-приіндегі жарыста Макс Ферстаппен екінші рет жеңіске жеткені мәлім болды.

Сонымен қатар мамыр айында Майами Гран-приінің іріктеу кезеңінде Макс Ферстаппен қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жарыстың үздігі атанған еді.

Осыған дейін «Формула-1» жарысы Өзбекстанда өтуі мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар