«Мақсатсыз жұмсалған қаржы миллиардтарды құрайды» - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жоғары дәрежедегі ұры Виктор Храпунов кезінде Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босағанда елден жинаған ақшасын тығарға жер таппапты. Содан әуелі Швейцарияға миллиондаған долларды бірден алып кетпекші болған көрінеді. Дегенмен, ақыр аяғында ол бірнеше миллиондаған доллардан да көп тұратын қып-қызыл ақшаны алып, тайып тұрғаны белгілі. Енді ол шетелде басқаша сайрап жүр.
Ол Шығыста әкім болып тұрғанда қаладағы зауытты газдан тазартатын қондырғылармен жабдықтапты. Бірақ, оны қалай жүзеге асырды, зауыттың басшылығын өз икеміне қалай көндірді, ол туралы әңгімесінде ешқандай дерек келтірілмейді. Әйтеуір, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пиғылы анық байқалды. Ол өзінің сұхбатында Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келгенше (2004 жылдың 8 желтоқсанына дейін) «Казцинк» газ қалдықтарынан және күкіртті ангидридтен тазарту мәселесімен мүлде айналыспағанын баса айтады. Храпунов келгенде жағдайды жедел жөнге келтіріпті. Осы жайында жазылған мақала «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Агенттіктің бас директорымен кездесті» деген тақырыпппен материал берілген. Венада Қазақстан Республикасы делегациясының Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Ю.Аманомен кездесуі болды. Кездесу Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) Қазақстан аумағында орналастыру туралы келісім мәтінін үйлестіру бойынша келіссөздердің кезекті кезеңі шеңберінде өтті, деп жазады газет ҚР СІМ-інің баспасөз қызметінесілтеме жасап.
Агенттіктің бас директоры Ю.Амано Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың таратпау режімін нығайтуға қосқан айтарлықтай үлесі мен бастамаларын жоғары бағалады. Ол Қазақстанның МАГАТЭ-мен өсе түсіп отырған көпқырлы ынтымақтастық деңгейін ерекше атап көрсетті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматыны Иранның ядролық проблемасы бойынша осы ел мен халықаралық «алтылық» бітімгершілері арасындағы келіссөздер үшін кездесу алаңы ретінде ұсынғанына ризашылық білдірілді. Ю.Амано Алматыдағы келіссөздер осы мәселені шешуге белгілі бір деңгейде оң ықпал етеді деген үміт бар екенін мәлімдеді.
***
«Талай жұрттың үмітін оятқан «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бүгінде шенеуніктердің майшелпегіне айналып бара жатқандай. Елбасының тікелей бастамасымен елдің әлеуетін көтеріп, жұмыссыздықты жоюды көздеген жобаға бөлінген миллиардтарды тиімді жарату былай тұрсын, жымқырып қалушылар көбейе түсті»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Мақсатсыз жұмсалған қаржы миллиардтарды құрайды» деген тақырыппен берілген мақалада. Өзгесін айтпағанның өзінде құзырлы органдар әзірше осы бағдарлама қаржысын ұрлаудың 15 фактісін анықтап, қылмыстық іс қозғаған.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуанша, қазақтың ұлттық байлық қорындағы адами капиталдың ахуалы «еңбегі адал, еті арам» есек секілді. Өндіріс, өнеркәсіптердің көпшілігі адам капиталына инвестиция салуға мүдделі емес. Сол себептен де елімізде адами капиталдын үлесі бар-жоғы - 10-12 пайызды ғана құрайды екен. Бұл дегеніңіз, адам ресурсын экономиканы дамытуда толығымен қолдана алмай отырғанымыздың айғағы. Түсінікті тілмен айтқанда, қазақтың шығармашылық дарыны, таланты, қабілет-қарымы ел экономикасының игілігіне жұмсалмай келеді. Содан келіп, еңбек өнімділігі де төмен... Өндірістің де өркені өспей тұр... Бұл мақала көпшілік назарына "Адам капиталына инвестиция салуға неге құлықсызбыз?!» деген тақырыппен ұсынылып отыр.
Осы газетте «Алименттік қарыздарды борышкерлердің зейнетақы қорынан өндіріп алу керек деген ұсыныс орынды ма?» деген мәселе көтерілген. Жақында Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі алименттерді төлемей жүргендерден қарыздарын зейнетақылық жинағынан ұстап қалуды ұсынды. ҚР Бас прокуратурасына қарасты төртінші департаменттің бастығы Әсет Шындалиевтің айтуынша, аталған мәселенің өзектілігін ескере отырып, алимент бойынша борышкерлердің қарыздарын зейнетақылық жинағынан ұстап қалуға заңмен салынған тыйымды алып тастау мүмкіндігін қарастыру қажет. Әйтпесе, бүгінгі таңда алименттер бойынша қарыз мөлшері 3,5 млрд теңгені құрайды. Ал Бас прокуратураның мәліметтеріне сенсек, 2012 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 136-бабы бойынша тек 128 адам сотталған, ал алимент төлемей жүргендердің саны 80 мыңнан асып жығылады. Сол себепті аталған түзетулерді Бас прокуратура мен Әділет министрлігі дайындаған сот және мемлекеттік органдардың шешімдерінің орындалу жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы аясында ұсынылған еді. Алайда қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бірі бұл ұсыныс орынды десе, бірі құқықбұзушылық деген баға беруде.