Максим Аммосов Петропавлда алғашқы қазақ театрының ашылуына себепші болған

көрме
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архив

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – 18-24 сәуір аралығында Қазақстандағы  Саха Республикасының күндері өтті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві ҚР Ұлттық архиві мен Қазмедиа ғимаратында көрнекті саяси және қоғам қайраткері Максим Аммосовты еске алу мақсатында «Аңызға айналған Максим» атты жылжымалы көрмесін ұйымдастырды.

Максим Кирович Аммосов кезінде Солтүстік Қазақстан облысының бірінші басшысы болған. Экспозицияда 1897 жылдан 1938 жылға дейін Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорларынан М.Аммосовтың өмірі мен қызмет жолына қатысты материалдар – архивтік құжаттар мен фотосуреттер қойылды. Іс-шараға Саха республикасының басшысы Айсен Николаев де қатысты. 

көрме
Фото: Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві

«Петропавлда өткіземіз деп жоспарлағанбыз, бірақ су тасқынына байланысты көрмені Астанада ҚР Ұлттық архиві ғимаратында, кейін Қазмедиа орталығында өткіздік. Өте құнды құжаттарымызды алып бардық, осы құжаттар негізінде өлке тарихын да баяндадық. Қазақстанға Аммосов 1932 жылы Батыс Қазақстан облыстық партия ұйымының басшысы ретінде келген. 1934 жылы Қарағанды облысына ауыстырылады, ол кезде орталығы Петропавл болды. Өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытуға өте қажетті теміржолдың салынуына үлес қосты. Көкшетаудан Ақмолаға, одан Қарағандыға дейін теміржол салынды. Ұзындығы 715 км болды. Аммосов осы өлкенің, республиканың дамуына маңдай терін төкті», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Сол сияқты өнеркәсіптің дамуына, кен орындарының игерілуіне, ауыл шаруашылығының ілгері басуына да зор үлес қосқан. Мәселен 1934-1936 жылдары білікті басшының басқаруымен елімізде ең үлкен астық жинап алынады. 

«Сол кезде гектарынан 12-15 центнерден өнім алған, сөйтіп Қазақстан бойынша Қарағанды облысы бірінші орынға шыққан. Сол кездегі жазбаларын оқысақ, Солтүстік Қазақстанның жері бай, топырағы құнарлы екенін айтады. Ол тың игеру туралы бірінші айтқан басшы. Бірақ, жаппай тың игеру емес, егіншілікке қолайлы жерлерді қолдану, жаңа техникаларды, технологияларды енгізу жөнінде айтқан. Сол кезеңде тракторлардың, комбайндардың саны бірнеше есе артқан. Аммосов басқарған кезде білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді айту керек. Сауатсыздықты жоюға күш салып, 1934 жылы Петропавлда облыстық қазақ театры құрылып, оның құрамына орыс, татар труппасы да қосылған. Ол театрдың басшысы Кәрім Жарин деген азамат, кейін Мұхтар Әуезовтың, Бейімбет Майлиннің шығармаларын сахналап, Алаш идеясын насихаттады деген кінә тағылып, кейін саяси қуғынға ұшырайды», - дейді Сәуле Мәлікова.

1936 жылы Кеңестер Одағының жаңа Конституциясы қабылданған кезде, құжаттың редакциясына Сәкен Сейфуллинмен бірге Аммосов та қатысқан. Архив директорының айтуынша, қайраткер жалпы қазақтың зиялы қауымымен таныс болған.

«Осы көрмеде якут ұлтының өкілдерін таңғалдырған бір жәдігер болды, ол – 1934 жылы «Қарағанды коммуна» газетінде басылып шыққан фото. Бұл фото – оның өмірбаянындағы бір кезеңді көрсететін жаңа фотолардың бірі. Құнды құжат келушілердің қызығушылығын тудырып, жаңа жобаға негіз болды. Биыл СҚО мемлекеттік архиві және Якутия республикасы біріге отырып, Максим Аммосовтың өмірбаяны жайында кітап шығаратын болдық. Былтыр Аммосов жайында қайраткердің 125 жылдығына орай халықаралық конференция өткізген едік. Конференция материалдарын кітап етіп басып шығарып, оның тұсаукесерін өткізіп, жинақты да сыйға тарттық», - дейді Сәуле Мәлікова.

Соңғы жаңалықтар