Мақсұт Өмірханов Абай облысы мемлекеттік сатып алу басқармасына басшы болды

Абай облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып Мақсұт Өмірханов тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.

мақсұт өмірханов
Фото: Абай облысы әкімдігі

Мақсұт Өмірханов 1974 жылы 19 мамырда қазіргі Абай облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (Нархоз) «қаржы және несие», кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану», Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген.

Құрылыс мамандығынан инженерия және технология магистрі дәрежесі бар.

Еңбек жолын «КСРО 50 жыл» колхозында маусымдық жұмыстардан бастады.

Мақсұт Өмірханов тоқсаныншы жылдары Алматыда қор биржасында, сақтандыру және банк жүйесінде жұмыс істеген.

«Менау Әже қоры» қоғамдық қорын басқарды.

2003-2019 жылдары «Ұлттық аккредиттеу орталығы» БАҚ біліктілікті арттыру институтының директоры, Алматы қаласындағы «Ұлттық аккредитациялау орталығы» БАҚ өкілеттілігінің басшысы қызметін атқарған.

2021 жылы Мәскеу қаласы «Рубеж» аймақтық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары болған.

2022 жылға дейін «Халал индустриясының аккредиттелген субьектілер одағы» (UAHIB) төрағасы қызметін атқарған.

Тағайындалғанға дейін Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары болған.

Астана қаласындағы «№ 1 автобус паркі» АҚ директорлар кеңесінің, Астана қаласындағы «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі болған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтой медалі, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар