Мақта саласын дамыту туралы заң қабылдана ма

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының мақта саласын дамыту туралы заң қабылдау ұсынысына жауап берді.

Қазақстанда 25 мыңнан астам агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады
Фото: ҚР АШМ

- 2021 жылға дейін «Мақта саласын дамыту туралы» Заң қолданыста болды. Сонымен бірге, мақта қолхаттары жүйесін және тиісті механизмдерді шамадан тыс реттеу, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын шектеулер қаржы институттары мен мақта өңдеу кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың бұзылуына әкеліп, саланың дамуына кері әсерін тигізді, - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, осыған байланысты әкімшілік кедергілерді азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу ұйымдарының жұмыс істеу жағдайларын азайту мақсатында аталған Заңның 2022 жылдан бастап күші жойылды деп тану туралы шешім қабылданған.

- Қазіргі уақытта саланы реттеу «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң және басқа да нормативтік құқықтық актілер аясында жүзеге асырылуда. Осыны ескере отырып, қазіргі уақытта жеке мамандандырылған заңды қабылдау орынсыз деп санаймыз, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін сенатор Мұрат Қадырбек Үкіметке нарықтық экономикаға сай барлық тараптың құқығы қорғалып, әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу үшін арнайы мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеуді ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар