Мақтааралда жатақхана мен моншада тұрып жатқан 28 отбасына жаңа баспана салынады

Тұрмысы төмен отбасылар бұған дейін су басқан Өргебас ауылындағы бос тұрған ғимараттарды паналап келгені анықталған. Ескі жатақхана мен моншада, балабақшада күнелтіп келгендердің баспанасы барын растайтын ешбір құжаты да болмаған. Осындай тұрғындардың бірі Шолпан Боранова жаңадан үй берілетінін естіп, қуанып отырғанын жеткізді.
«Мен осы жерде өмірімнің соңына дейін тұратын шығармын деп ойлағанмын, негізі. Өмірімде жаңа баспаналы боламын деп ойламаппын да. Себебі үш баланы жалғыз өзім бағып келемін, үлкен үйді мен қалай саламын. Тапқаным бала-шағамнан артылмайды. Ендігі жерде жаңа үй беріледі деп естіп жатырмыз. Өз кезегінде бізге осындай жағдай жасап жатқан билік басындағылар мен барша қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді»,- дейді Өргебас ауылының тұрғыны Шолпан Боранова.