Мал азығы аз, егіс алқабы нашар жағдайда: ШҚО шаруалары қуаңшылықтың зардабын тартып отыр

Ұлан ауданының тұрғыны Қозыбек Қамзин облыста шөп аз өскендіктен делдалдар мал азығын басқа өңірлерден әкеліп сатып жатқанын айтты. Олар жанармай мен басқа да шығындарды қосқандықтан жем-шөптің құны айтарлықтай қымбаттап кеткен.
- Табысымызды мал бағып тауып отырғаннан кейін амалсыздан сатып алуға тура келеді. Шөптің 18 келідей салмағы бар бір түгін 16 мың теңгеден сатып алдық. Енді бұл баға тағы көтеріледі деп жатыр, - дейді шаруагер.
Өскемен іргесінде шаруа қожалығы бар Мұхамет Талғатбек те шөп бағасының қымбаттап кеткендігі қалтаға салмақ болып отырғанын жеткізді.
- Мал шаруашылығы ата-бабамыздан қалған кәсіп. Оны ары қарай дамытуымыз керек. Егер жем-шөп қымбаттаса ол төрт түлік өнімдері бағасының өсуіне де әкеліп соғуы мүмкін, - дейді шаруагер.
Осы ретте, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдароваға хабарласып көрдік. Оның айтуынша, тамыз айындағы статистика бойынша облыста 519 386 ірі қара, 740 224 ұсақ мал, 226 965 жылқы, 48 476 шошқа бар.
Шошқадан басқа төрт түлік түрлерінің санында өткен жылмен салыстырғанда азғантай өсім байқалуда. Жалпы мал бағып отырған облыс шаруаларына 840 мың тонна жем-шөп қажет. Қазіргі уақытта оның 35 пайызы дайындалған. Егер мал азығы жеткіліксіз болса басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, орман шаруашылықтарындағы және пайдаланылмай жатқан жерлерді шаруалар мен ауыл тұрғындарына шөп шауып алуға береді.
Қуаңшылық Шығыс Қазақстандағы егіс алқаптарына да зардабын тигізуде. Биыл аймақта ауыл шаруашылығы егіс көлемі 639,8 мың гектарды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 мың гектарға аз.
- Облыс бойынша дәнді және бұршақ дақылдары 290,2 мың гектарға егілген. Оның ішінде 197,2 мың гектар (68%) жақсы жағдайда, 65,5 мың гектар (22,5%) қанағаттанарлық жағдайда, 27,5 мың гектар (9,5%) нашар жағдайда. Майлы дақылдардың егіс көлемі – 210,9 мың гектар. Оның ішінде 160,6 мың гектар (76%) жақсы жағдайда, 44,6 мың гектар (21%) қанағаттанарлық жағдайда, 5,7 мың гектар (3%) нашар жағдайда. Ал жүгері 2,8 мың гектарға егілді. Оның ішінде 1,45 мың гектар (51,2%) жақсы жағдайда, 1,35 мың гектар (48,8%) қанағаттанарлық жағдайда. Диқандарға егін жинауға 8,5 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағада сатылады. Кесте бойынша дизель отыны шілдеде – 1,58 мың тонна, тамызда – 3,378 мың тонна, қыркүйек айында – 3,568 мың тоннаға бөлінді. Бүгінде шілде айына бөлінген дизельдік отын толықтай игерілген, - дейді Диляра Жылқайдарова.
Айта кетейік, өңірде арзандатылған дизель отынының орташа бағасы – 1 литріне 245 теңгені құрайды.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында дәнді дақылдар егіс алқаптарының нашар жағдайы қалыптасқаны хабарланған.