Мал бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — АШМ Аграрлық несие корпорациясымен бірлесіп бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

мал шаруашылығы, бордақылау алаңы
Фото: АШМ

— Ауыл шаруашылығы министрлігі Аграрлық несие корпорациясымен және ҚР Үкіметінің қолдауымен бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беру бағдарламасын бастады. 2025 жылға қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 50 млрд теңгені құрайды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген шарттармен несие беру арқылы ірі қара және ұсақ мал бордақылау алаңдарын қолдау, — делінген хабарламада.

Министрлік қаржыландыру шарттарын атады:

Қарыз мерзімі — 12 айға дейін;

Сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 5%.

Ведомство мәліметінше, бағдарламаға негізгі бағыты ретінде ірі қара/ұсақ мал бордақылау болып табылатын, тиісті өндірістік инфрақұрылымы бар кәсіпорындар қатыса алады. Жобаларға қойылатын талаптардың бірі — бордақыланған малдың кемінде 50%-ын отандық ет өңдеу кәсіпорындарына өткізу.

Айта кетейік, 2025 жылғы 28 шілдеде Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері бордақылау алаңдарына жеңілдетілген несие беру бойынша жаңа бағдарламаны таныстырды.

Кеңес алу және қаржыландыруға өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жақын жердегі өңірлік филиалына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан немесе 5353 call-орталығы нөмірі арқылы алуға болады.

Бұдан бұрын Астанадағы аукционда қазақстандық бұқа 6 миллион теңгеге сатылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар