Мал саудасындағы делдалдарды биржа арқылы жоямыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мал саудасының биржасы не үшін құрылып жатқанын айтты.

ірі қара төрт түлік
Фото: Pixabay

«Былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойдым. Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген.

«100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды», - деді Президент.

Еске сала кетейік, Астанада ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар