Мал шаруашылығы АӨК-тің жалпы өнімінің 40%-ын қамтамасыз етіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы мен Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын орындау аясында елімізде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа тетіктер енгізілуде.

Мал шаруашылығы — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Ол агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын құрайды. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында өндіріс көлемі 3,4%-ға өсіп, 2 трлн теңгеге жуықтады. Ет өндірісі 2%-ға артып, 608,8 мың тоннаға жетсе, сүт өндіру көлемі 6,5%-ға көбейіп, 2,25 млн тоннаны құрады.
Мал мен құс саны да тұрақты түрде өсуде: ірі қара мал – 8,7 млн бас (+0,3%), жылқы – 4,6 млн (+6,7%), түйе – 300 мың (+3,9%), құс – 48 млн (+6,6%). Дегенмен, қой басы 3,7%-ға кеміп, 21,1 млн басты құрады.
Экспорт бағытында да оң нәтижелер бар. 2025 жылдың алғашқы бес айында сиыр еті экспорты 2,5 есеге өсіп, 12,3 мың тоннаға жетті. Қой еті экспорты 2,6 есеге артып, 9,2 мың тоннаны құрады. Алғаш рет 797 тонна шошқа еті сыртқы нарыққа шығарылды. Бұл көрсеткіштер қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін дәлелдейді.
«Етті ірі қара мал шаруашылығында несие таза 5%-бен беріледі. Қаржыландыру көлемі – 50 млрд теңге. Биыл өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеуге 44 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ фермерлердің кепілге қолжетімділігі мәселесін шешу үшін несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру бағдарламасы жүзеге асырылуда», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Осылайша, Қазақстандағы мал шаруашылығы тұрақты даму қарқынын көрсетуде: ішкі өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеуеті нығайып келеді, жаңа қолдау тетіктері іске асырылуда және халықаралық деңгейде кластерлер құрылып жатыр. Сала агроөнеркәсіп кешенінің басты өсім нүктелерінің біріне айналып отыр.
Айта кетейік, мал бордақылау алаңдарына 23,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиеге өтінім берілді.