Мал шаруашылығын дамытуға несие алатындар көп
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге аса бастағаны белгілі. Шағын несиелеу бағдарламасына өтініш білдіргендердің үлесін сараптасақ, ауыл тұрғындары көбіне мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.
– Мал шаруашылығы саласына берілген микрокредиттер жалпы несиенің 79 пайызын құрайды. Несиенің 4,1 пайызы өсімдік шаруашылығына, 16,9 пайызы ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне бағытталды. Қаражаттың негізгі бөлігі Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстарына үлестірілді, – деді Ербол Тасжүреков.
Оның себебі де бар. Аталған облыстарда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың ең көп саны, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті адамдар қатарында жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.
Вице-министрдің айтуынша, бағдарлама ережесіне сәйкес, жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге микрокредит беру көзделген. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке тең.