Малайзия 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу енгізбек
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылдан бастап Малайзия балаларды қорғау үшін цифрлық ортаға бақылауды күшейткен елдердің үлгісіне сүйене отырып, 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Малайзиялық The Star газетінің хабарлауынша, елдің Коммункациялар министрі Датук Фахми Фадзил 16 жасқа толмаған малайзиялықтарға 2026 жылдан бастап әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынатынын мәлімдеді. Ол Мадани үкіметі балалардың онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді көздеп отырғанын растады.
Оның айтуынша, платформа жеткізушілерінен олардың келесі жылы eKYC электрондық пайдаланушыларды сәйкестендіру жүйесін енгізетіні күтіліп отыр.
Министр кибералаяқтық туралы хабардарлықты арттыру семинары аяқталған соң сөз сөйледі.
Фахми атап өткендей, Аустралия келесі айда әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін жас шектеулерін енгізеді және Малайзия бұл тәжірибені мұқият бақылайтынын болады.
— Басқа елдердің өз тәсілдері болуы мүмкін, және біз оларды зерттейміз, — деді ол.
Министрдің атап өтуінше, мақсат — 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізе алмауын қамтамасыз ету. Бұл 1 қаңтарда күшіне енетін Онлайн қауіпсіздік туралы заңға сәйкес кең ауқымды шаралардың бөлігі болмақ.
Фахми сонымен қатар ата-аналарды балаларын экран алдында шамадан тыс уақыт өткізудің орнына ашық ауада іс-шараларға қатысуын ынталандыруға шақырды. Ол ата-аналар балаларының гаджеттерді пайдалануын бақылауы керек екенін қосып өтті.
Қазан айында министрлер кабинеті әлеуметтік желі пайдаланушыларының ең төменгі жасын 16-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу ұсынылғанын жазған едік.
Аустралия Премьер-министрі Энтони Альбанезе елі әлемде алғаш болып жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынғанын жазған болатынбыз.
Түркия үкіметі 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні шектеу және 18 жасқа толмаған балаларға жазаны қайта қарастыру шараларын аяқтады.