Малайзия БРИКС-ке қосылуға ниет білдірді

АСТАНА.KAZINFORM — Қыркүйектің 5-і күні Шығыс экономикалық форумының (ШЭФ) пленарлық отырысында Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим өз елінің БРИКС-ке қосылуға ниетті екенін айтты.

ұйым
Фото: IStock

ШЭФ пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Анвар Ибрагим:

«Малайзия БРИКС-ке қосылуға ниетті және бұл арқылы біз экономикалық дипломатиядағы күш-жігерімізді әртараптандыруға және ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыламыз» деді. 

Сондай-ақ ол БРИКС-ке қосылу басқа елдермен қарым-қатынасты нығайтуға және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

Оның пікірінше, Малайзия жаһандық әлемнің бір бөлігі және ел үшін сауда қатынастарын одан әрі дамытып, нығайту маңызды. Малайзия әлем бойынша сауда қатынастарын нығайтуға ұмтылады.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс экономикалық форумы 3-6 қыркүйек аралығында Владивосток қаласындағы (Ресей) Қиыр Шығыс федералды университетінің кампусында өтіп жатыр.

БРИКС 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай тарапынан құрылған. Оңтүстік Африка ұйымға 2011 жылы қосылды.

2024 жылдың 1 қаңтарында Мысыр, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Эфиопия топтың толыққанды мүшелері болды.

Биыл қауымдастыққа Ресей төрағалық етіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар