Малайзия Өзбекстандағы кен орындарын игеруге мүдделі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Малайзияға ресми сапармен барған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Petronas корпорациясының президенті Мухаммед Тауфикпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Тараптардың кездесуі барысында Өзбекстан мен Малайзияның мұнай-газ, химия және энергетика салаларындағы ынтымақтастығы талқыланды.
- Геологиялық барлау жүргізу және перспективалы кен орындарын игеру, көмірқышқыл газының қоршаған ортаға келтіретін залалын азайту үшін озық технологияларды енгізу мәселелері ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде айқындалды. Сондай-ақ, тараптар Petronas университетінің базасында жоғары білікті кадрларды даярлауға уағдаласты, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, Өзбекстан газ өндірісін ұлғайту мақсатында биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.
Қоса кетсек, бұған дейін Қытайдың Өзбекстандағы елшісі ресми Бейжің Орталық Азия елдерімен бірлесіп өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ниетті екенін мәлімдеп еді.