Малайзия жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 13 адам қаза болды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Малайзия жағалауында мигранттар мінген қайық суға батып, 13 адам қаза тапты. Жоғалып кеткен ондаған адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Анадолы.
Малайзияның Теңіз атқару агенттігінің (MMEA) мәліметінше, мұсылман рохинджа мигранттарын тасымалдап келе жатқан қайық апатқа ұшырағаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары эүріп жатыр.
Алдын ала деректерге сәйкес, Мьянмадан Малайзияға бет алған мигранттар бастапқыда шамамен 300 адам мінген ірі кемемен шыққан. Кейін олар үш шағын қайыққа бөлініп отырған.
Сол қайықтардың бірінде шамамен 70 адам болған. Апат салдарынан қайық суға батып, құтқарушылар әзірге 13 адамның денесін тапты. Тағы 13 адам құтқарылған. Билік өкілдері қаза тапқандардың саны артуы мүмкін екенін ескертті.
Қалған екі қайықтағы шамамен 230 адамның тағдыры әзірге белгісіз.
-Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Мьянма мен Бангладештен шыққан мигранттар теңіз арқылы өту кезінде жиі қайғылы оқиғаларға тап болады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін БҰҰ Еуропаға теңіз арқылы жетуге тырысқан заңсыз мигранттардың көбі қаза табатыны туралы хабарлаған еді.