Малайзия жазушысы «Азия авторлары қауымдастығын» құруды ұсынды

«Біздің әлем - қазір өте қиын орынға айналды. Қақтығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – осынау әлемді жақсарту. Бұл шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, ұзақ уақыт бойы жазып жүрміз. Әдебиеттің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ әдеби тілді қазір ғылым тілі ығыстырып барады», - деді Мухаммад Хаджи Саллех.
Қаламгердің айтуынша, жазушының міндеті – күнделікті өмірге әдебиет тілін қайтару.
«Біз Азия авторларының қауымдастығын құруымыз керек. Біріккен азиялық әдебиетті зерттей алатын орын болуы тиіс. Өйткені, егер мен қазақ әдебиетін, жапон немесе қытай тілін оқығым келсе, маған ондай мүмкіндік беретін институтқа келу керек. Қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Сіз америкалық университеттің біріне баруыңызға болады. Бірақ, іздегеніңізді ол жерден таба алмайсыз. Бізде азиялық әдебиеттің толыққанды институты болуы керек. Сонымен қатар, бізге қазақстандық және малайзиялық жазушылар, жапон және үнді жазушылары тәжірибе алмаса алатындай бағдарлама қажет», - деді малайзиялық қаламгер.
Еске салсақ, елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 3 номинанты қатысуда.
Форум барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.