«Малдың бәрі Өзбекстанға тірідей асырылып жатыр» - АШМ түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізден сыртқа мал сатуға арнайы квота белгіленген. Соның аясында әр 6 айда елден шығарылатын малдың нақты саны анықталады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.

— 2024 жылғы 26 қазаннан 2025 жылғы 26 сәуірге дейін «ҚР аумағынан ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелеріне» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ірі қара мал және ұсақ мал әкетуге сандық шектеулер (квоталар) белгіленді: 12 айдан асқан бұқашықтардың экспортына - 85 000 және 6 айдан асқан еркек тоқты саны - 120 000. Аталған квота тетігі 2022 жылдан бастап іске асырылып келеді және 6 ай сайын халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының шешімімен ұзартылып отырады, - делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, осылайша фермерлердің тірідей мал экспорттау мүмкіндігі артып отыр.
— Бұл тетік - ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, фермерлердің экспортқа шығу әлеуетін сақтауға мүмкіндік беретін теңгерімді шара. 2024 жылдың қорытындысы бұл тәсілдердің тиімділігін көрсетті, яғни сиыр етінің экспорты 1,5 есеге өсіп, 22,1 мың тонна болды, соның ішінде Өзбекстанға экспорт 20,7 мың тоннаға жетті, - делінген жауапта.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Өзбекстанға заңсыз мал асыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұған дейін Kazinform тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орынбасары Төлеужан Жүнісов Өзбекстанға заңсыз өткізілген мал әрі қарай Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістанға кететінін айтып берген болатын. Себебі ол елдерде баға айырмашылығы екі есеге дейін барады.