Малдың жай-күйін анықтайтын смарт шешім ойлап табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Енді елімізде малдың жай-күйін арнайы смарт жүйе арқылы онлайн бақылау мүмкіндігі бар. Бұл туралы толығырақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.

— Агроөнеркəсіптік кешен саласында цифрлық технологияны енгізудің бір мысалы отандық смарт-трекер жəне малдың жай-күйін мониторингтеу жүйесі. Шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға малдың жағдайын онлайн бақылауға жəне оларды түрлі аурудан сақтауға мүмкіндік береді, — деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Жүйе малдың келесідей жай-күйін бақылайды:
— қоректену белсенділігін талдау;
— жалпы физикалық белсенділік;
— дене температурасы;
— малдың үдеуі жəне белсенділігі.
— Шешім сонымен қатар ветеринариялық қызметті цифрландыруға, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар үшін мақсатты қаржыландыру жəне мал шаруашылығын сақтандыру процесін цифрландыруға негіз. Бүгінде аталған жүйе еліміздің үш өңірінде енгізіліп, табысты жұмыс істеп жатыр, — дейді ведомство басшысы.
Айта кетсек, Kazinform тілшісі отандық ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру қалай жүріп жатқанын тарқатқан еді.