Малик Калиекперов: АЭС-ке қатысты ең басты дақпырт радиофобиядан туады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Президент Іс басқармасында Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге және 6-қазанда өтетін референдумға байланысты іс-шара өтті.
Алқалы жиын барысында Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық жасаған бірқатар заң жобасына тоқталды.
«Президент Парламенттің ағымдағы сессиясында тыңғылықты зерделеу, талқылау және қабылдау үшін бірқатар заңнамалық бастама көтерді. Біріншісі – өзекті міндеттерге жауап беретін, экономикалық белсенділікті жандандыратын және финтех секторды одан ары дамытатын «Банктер туралы» жаңа заң. Қолданыстағы 1995 жылғы «Банктер туралы» заң моральдық тұрғыда да, материалдық тұрғыда да ескірді. Сондықтан Президент аталған заңды апгрейд жасау тапсырмасын жүктеді. Парламент енді сонымен айналысатын болады. Екіншіден, Президент қолданыстағы салық жүйесін қайта жүктеп, жаңа Салық кодексін 2025 жылы қабылдауға шақырды. Қыркүйек-желтоқсан айларында Парламент қабырғасында, сарапшылар қоғамдастығы ортасында аталған кодекс жобасы талқыланады. Бұл қарапайым мәселе емес. Президент бұл кодексті жеңілдетуді, оның барлық ережелерін экономикалық белсенді барлық азаматқа түсінікті қылуды тапсырды», - деді ол.
Алмас Қанатов Парламент депутаттары алдында жасанды интелекті мен цифрлық технологияларды дамыту бағытында да заң жобаларын әзірлеп, қабылдау міндеті тұрғанын атап өтті.
Екінші мәселе бойынша сөз алған Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері Малик Калиекперов атом электр стансасы саласына қатысты Интернеттегі басты дақпыртты сейілтуге тырысты.
«Ең басты дақпырт – радиофобия. Оның Семей ядролық сынақ салдарынан туындағаны да сөзсіз. Яғни, радиофобияның болуы заңдылық. Бірақ, бейбіт атом мен әскери атомның мүлдем екі бөлек дүние екенін түсіну қажет. Бейбіт атом адамзаттың игілігіне қызмет етеді. Мәселен, қазірдің өзінде бейбіт атом медициалық мекемелерді табысты қолданылады. Сонымен қатар атом электр стансаларында ураннан ядроны бөліп шығару арқылы электр энергиясын өндіруге болады. Бүгінде елімізде электр энергиясының тапшылығы байқалады. Электр қуаты көп тұтынлатын мерзімдерді оны көрші елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Еліміздің электр энергиясына тәуелділігін жою үшін АЭС қажет», - деді ол.
Сонымен қатар ол 6 қазанда өтетін референдумда ел тұрғындарының АЭС құрылысына қатысты дауыс беруі азаматтық борышы екендігін айтады.
«Ол - біздің, балаларымыздың, келер ұрпақтың болашағы. Келер ұрпақ майшамның жарығымен отырмауы үшін бізге жаңа электр генерациялары қажет. Ал АЭС біздің болашағымыз үшін электр қуатының баламасыз көзі саналады», - деді Малик Калиекперов.