Малымыз бруцеллез емес – қостанайлық тұрғындар әділдік сұрап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің редакциясына Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Новоженин ауылдық округіне қарасты Калинин ауылының тұрғындары хабарласып, жан айқайын жеткізді. Олардың айтуынша, сап-сау жүрген сиырлары аяқ асты бруцеллез болып шыққан.

Сиыр
Фото: Видеодан алынған кадр

Тәуелсіз сарапшыларға қосымша қан сынамасын алғызайын десе рұқсат жоқ екен. Күмән мен күдіктің ортасында қалған тұрғындар не істерін білмей дал.

Ауыл тұрғыны Үміткүл Мырзатаева отбасымен бірге мемлекеттік бағдарлама шеңберінде еліміздің оңтүстік өңірінен көшіп келген. Калинин ауылына қоныстанғанына 6 жылға жуықтапты. Мамандығы – дәрігер. Жалақы аз болған соң, жолдасымен бірге мал санын көбейтіп, несібесін айырып, 5 баласын асырап отыр.

«22 жыл тәжірибем болса да 0,5 жүктемемен 140 мың теңге алып отырмын. Ауылда мал асырамасаң жалақымен күнелте алмайсың. Мал басы санын көбейтіп, енді етек-жеңімізді жия бастадық-ау деген кезде айналдырған 6 бас сиырымыздың үшеуі бруцеллез деп отыр. Сынама қайта алынсын десек, рұқсат бермей отыр. Сонда жергілікті ветеринарлар ет комбинаттарымен ауыз жаласып отыр ма? Дәрігер болған соң сауатсыз емеспіз. Бруцеллезге шалдыққан малдың иелері де ауруға шалдығады. Біз сап-саумыз», - дейді Үміткүл Мырзатаева.

құжат

Ветеринардың қағазына күмәнмен қараған ол малын өріске жіберген. Енді жергілікті учаскелік полиция «ауру малды неге өріске жібересің?» деп жағадан алып отырған көрінеді.

«Малдарым таза. Бұларға жоғарыдан «бәленбай тонна ет керек» деген пәрмен түсетін сияқты. Кәрі, ақсақ-тоқсақ мал бруцеллезге шалдықпай, семіз, ірі малдар ғана ауруға шалдығатыны да күмәнді. Жалғыз менің ғана емес, бар ауылдың ірі малдарын ауру деп танып отыр. Көршімнің бүкіл малын құртты. Ол көшіп кетті. Бір қызығы, қасапшылармен таныстығы бар, белсенді азаматтардың малы ешқашан ауырмайды. Біз сияқты жуас, момын, сырттан келген адамдардың малы бруцеллезге шалдығады», - деп шағымданды Үміткүл Дауылбайқызы.

құжат

Калинин ауылында айналдырған 30 үй ғана бар екен. Үміткүл Мырзатаеваның айтуынша, мұндай әділетсіздік жалғаса берсе, ауылда ешкім де қалмайды. 

«Оңтүстіктен отбасыларды көшіріп, мектеп жабылмау үшін бала санын көбейтіп, ауылдың ажарын арттыру – Мемлекет басшысының тапсырмасы емес пе? Жергілікті әкімдік болса ел Президентінің саясатына қарсы шығып, әділетсіздік жасап, ауыл тұрғындарының көшіп кетуіне мәжбүр етуде. Біз Астанадан тәуелсіз сарапшылар келіп, мал қанының сынамасы қайтадан алынса екен дейміз. Әділдікке көз жеткізгіміз келеді», - дейді ол.

Тұрғындардың жай айқайын мұқият тыңдап, Новоженин ауылдық округінің әкімі Серік Смағұловқа хабарластық. Оның өз айтары бар.

«Новоженин ауылдық округіне Новоженин, Жосалы және Калинин ауылы кіреді. Жосалыда мал ауруы анықталған жоқ. Новоженин ауылында бруцеллезге шалдыққан 4 ірі қара ет комбинатына өткізілді. Биыл көктемде Калинин ауылында 39 бас, ал жуырда 47 ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықталып отыр. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауру малдар арнайы техникамен ет комбинаттарына жөнелтіледі. Тұрғындардың барлығы түсіністік танытып жатыр. Тек 2 отбасы ғана қарсылық білдіріп, қан сынамасын қайта алуға талпынуда. Бұл жайында ветеринар маманмен сөйлестім. Ондайға рұқсат жоқ», - дейді ауыл әкімі.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар таңсық емес. Бұған дейін көрші ауылда да осындай оқиға орын алып, ақыры тұрғындар сотта жеңіліс тапқан. Осылайша, ауыл әкімі мәселе айғаймен емес, заң жүзінде шешімін табатынына ишара еткендей көрінді.

Ауыл әкімі алдыңғы жылдары Әулиекөл ауданында аурудың адамдарға жұғу фактілері орын алғанын, бұл ретте, тұрғындарға құзырлы органдардың айтқанын орындап, сақтық шараларын сақтауға шақырды. 

Естеріңізге салсақ, бұған дейін адамдар бруцеллезді қандай жағдайда жұқтырып алуы мүмкін екенін саралап көрген едік.

Соңғы жаңалықтар