Мамандандырылған ХҚКО-да делдалдар әрекеті тыйылмай отыр - ҚР ІІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі кейбір Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында делдалдық әрекеттер тыйылмай отыр. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, еліміздегі кейбір Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында халыққа мемлекеттік қызмет барысындағы делдалдық әрекеттердің орын алу фактілері әлі де бар. Оларды негізінен «Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерінің көмекшісімін» деп таныстыратын «әдепсіз» тұлғалар көрсетеді және азаматтардан мәселелерін жедел шешіп беремін деген желеумен ақша талап етеді. Осыған байланысты ІІМ Өзіндік қауіпіздік департаменті аталған ұйымдардағы мұндай тұлғалардың заңсыз әрекетін тыюға бағытталған кең ауқымды шара жүргізеді», - деді ресми өкіл.
Оның дерегінше, осы жылдың басынан бері еліміздің 6 өңірінде делдалдар мемлекеттік қызмет алуды жеделдету желеуімен заңсыз ақшалай сыйақы алған. Атап айтқанда, 18 қаңтарда Талдықорғанда жоғалған жүргізуші куәлігін қайта жасату мәселесін шешіп беремін деген желеумен 15 мың теңге алған жергілік тұрғын ұсталды. Алматыда да көлік құралын тіркеуден шығару және тіркеуге көмектесу желеуімен 50 мың теңге алған қала тұрғыны қолға түсті. Ал Павлодарда жүргізуші куәлігін кедергісіз алуға жәрдемдесу желеуімен 30 мың теңге ақша алған делдалдың әрекеті әшкереленді.
«19 ақпанда Шымкент қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО аумағында жүргізілген жедел шара барысында өзін «орталық қызметкерімін» деп таныстырып, жүргізуші куәлігін алуды жеделдету үшін 60 мың теңге алған азамат қолға түсті. Дәл осындай шара Түркістан облысында да жүргізілді. 22 ақпанда Сайрам ауданындағы Мамандандырылған ХҚКО-да «көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға көмек көрсетемін» деген желеумен 50 мың теңге талап еткен азамат ұсталды. Қазіргі уақытта анықталған барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр және кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады», - деді Нұрділдә Ораз.