Кадрларды даярламай көміртегі бейтараптығына қол жеткізе аламыз ба
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей:- «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет». Экономика мен қоғамда болып жатқан өзгерістерге қарамастан, «Бәрін шешетін кадрлар» деген ұғым әлі де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Өз кезегінде, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (ХЖТИЖО), Қазақстанда 2023 жылы Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданғаннан бастап, алдымызға парниктік шығарындылар мен қоршаған ортаға экологиялық жүктемені азайту жөніндегі өршіл мақсаттарға қол жеткізу үшін экономиканың барлық дерлік салаларын терең трансформациялау міндеті қойылды. Осы мақсаттарды орындау үшін экономиканы экологияландыруға бағытталған технологиялық, әлеуметтік, экономикалық және басқа да шараларды енгізу қажет. Десек те, «Бұл трансформацияны кім жүзеге асырады?» деген маңызды сұрақ туындайды. Технологиялық инновацияларды енгізумен кім айналысады?
Осы маңызды сұрақтың жауабы – климаттық жағынан бейтарап, жасыл, бәсекеге қабілетті және инклюзивті экономикаға көшуге қатысуға қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету деңгейін бағалауды талап етеді.
Ол үшін жаңа мамандықтар құру, сондай-ақ орнықты даму саласында кадрларды даярлаумен және қайта мамандардың біліктілігін арттырумен айналысу қажет. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының (ХЖТИЖО) алдына дәл осы міндетті жүктеді. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ХЖТИЖО өндірістік өнеркәсіптің 2700 кәсіпорнын жаңа Экология кодексіне сәйкес даярлау және ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) қағидаттарына көшіру мақсатында оларға талдау жүргізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.
Бүгінгі таңда «ХЖТИЖО» КЕАҚ ЕҚТ бюросы BREF халықаралық стандарты негізінде ЕҚТ технологияларының ауқымды тізімі ұсынылған салалық анықтамалықтар – 16 нормативтік құжат әзірледі. Бұл құжаттар кәсіпорындарға техникалық, қаржылық және басқа мүмкіндіктеріне, сондай-ақ жергілікті өндірістік талаптарға бейімделу шарттарына байланысты ең қолайлы технологияларды таңдауға мүмкіндік береді.
Еуропа елдерінде бір салаға арнап осындай нормативтік құжаттарды біреуін ғана әзірлеуге 3 жылдан бастап 5 жылға дейін уақыт кетеді.
Бұл жұмыс технологиялық циклдің барлық кезеңдерінде шығарындылар мен ластаушы заттардың көлемін анықтау үшін өндірістік процестерге кеңейтілген кешенді технологиялық аудитті (КТА) жүргізуді талап етеді. КТА нәтижелері өндірістің сарапшыларымен және техникалық мамандарымен бірлесіп жұмысты жалғастыруды талап етеді, бұл салалық анықтамалықтарды әзірлеу үшін техникалық жұмыс топтарын (ТЖТ) қалыптастыруды, содан кейін оларды жұртшылықпен талқылауды білдіреді.

Өз кезегінде ХЖТИЖО осынау қиын да үздіксіз жұмысты үдемелі қарқынмен жүргізіп отыр:
*еуропа еліндегі сияқты бір анықтамалық құжатты дайындауға 3-5 жыл емес ХЖТИЖО бір жылдың ішінде екі анықтамалық құжат, содан кейін төрт анықтамалық әзірленді, ал қазіргі уақытта тағы алты анықтамалық құжаттар үдемелі уақытпен әзірленіп жатыр. Өйткені Экология кодексіне сәйкес ТОП-50 кәсіпорын ЕҚТ қағидаттарына көшуге міндетті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі біздің кадрларымыз Қазақстанның барлық өнеркәсіп салаларында ЕҚТ технологиялары мен төмен көміртекті саясатты енгізуге дайын ба деген мәселені дұрыс көтеріп отыр. Жүргізілген КТА мәліметтеріне сәйкес, ЕҚТ қағидаттарын енгізу әртүрлі салаларда актив бола алады: бұл ғылым мен өндірісті жақындастырады, инвестицияларды тартуды күшейтеді, ESG факторларының біріне айналады, академиялық ортадағы оқытудың жаңа үлгілерін айқындайды және т. б.
Мұндай кешенді мәселені шешу ХЖТИЖО-дан жаңа формациядағы кадрларды даярлауға қатысы бар барлық стейкхолдерлермен және салалық ведомстволармен көптеген келіссөздер, пікір сұраулар, сауалнамалар және сұхбаттар жүргізуді талап етеді. Нәтижесінде ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшыларымен 20-дан астам сұхбат жүргізілді, 78-ден астам өнеркәсіп ұйымдарымен, 38 жоғары техникалық оқу орындарымен сұхбат жүргізілді.
Жасыл экономика саласындағы кадрлармен қамтамасыз ету дәрежесін талдай отырып, ХЖТИЖО елімізде «жасыл жұмыс орындары» деген бекітілген анықтама жоқ екеніне көз жеткізді, ал Ұлттық статистика бюросының деректерімен нақты сипаттамасын жасау мүмкін болмай отыр.
Көміртегі бейтараптығы міндетін іске асыру мақсатында кадрлармен қамтамасыз етуді талдау бойынша камералдық зерттеуді қорытындылай келе, төмендегдей шаралардың қажет екені анықталды:
– Жоғары оқу орындарының оқу және жұмыс жоспарларына ЕҚТ, климаттың өзгеруі, ESG-трансформация, көміртекті реттеу, көміртегі саясаты және климаттың өзгеру аспектілерін зерттеуге байланысты басқа да бағыттар бойынша пәндерді немесе элективті курстарды енгізу.
– Төмен көміртекті саясатты енгізетін өндірістік объектілер шоғырланған барлық өңірлік және салалық деңгейлерде біліктілікті арттыру орталықтарын құру.
– елімізде төмен көміртекті экономикаға көшуге ықпал ететін сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру үшін климаттық саясатты зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Бұл міндеттерді шешу үшін әртүрлі секторлардың: саясат, технологиялар, заңнама, қоғамдық пікір және басқа да сабақтас бағыттардың өзара іс-қимылы мен үйлестіруін қамтитын жүйелі, кешенді, жан-жақты іс-қимылдар қажет. Бұл табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға қысымды арттырмай абсолютті декаплинг (decoupling) әсеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, мұның өзі көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің тиімді шарасы саналады.
Г.А. Медиева, Э.ғ.д., ҚР ҰИА академигі, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ ҒТД, ҒТК офисінің басшысы