Мамандардың Кавасакиге ұқсас синдромға шалдыққан балаларды емдеуде тәжірибесі бар - Риза Боранбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаева балалар арасындағы COVID–19 індетімен астасқан мультижүйелік қабыну синдромына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантиннің барлық кезеңінде республикалық орталықтардың мамандары COVID-19 және басқа да ауруларға шалдыққан жаңа туған нәрестелер мен балалардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстады. Жаңа туған нәрестелерге қатысты 10 755 және балаларға байланысты 2 229 консультативтік көмек жасалды», - деді Р. Боранбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол балалар арасында коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеудің жеке клиникалық хаттамасы әзірленгенін еске салды. Клиникалық хаттама әлемдегі соңғы зерттемелер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы негізінде құрылды.

«Коронавирус инфекциясы балалар арасында көбіне симптомсыз немесе жеңіл формада болатынын ескере отырып, балалардың басым бөлігі амбулатордық деңгейде емделуге бағытталады. Сондықтан хаттамада осы науқастар үшін дене қызуын түсіруге арналған симптоматикалық емдеу және іш өтуді тоқтатуға бағытталған препараттар қамтылған. Вирусқа қарсы препараттар пайдаланылмайды, себебі дәлелді база жоқ екені ескерілді. Антибактериалды терапия бактериалды инфекция қосылған кезде ғана тағайындалады, ал басқа жағдайларда вирустық инфекция кезінде антибактериалды терапия жасалмайды», - деп түсіндірді маман.

Сонымен қатар ол пандемия кезінде онкологиялық індетке шалдыққан балалар тұрақты ем-дом алғанын атап өтті.

«Қазіргі кезде біздің мамандарда Кавасаки тәрізді синдромға шалдыққан балаларды емдеуде тәжірибесі бар. Соңғы кезде осындай диагнозбен науқастар тіркелмеді. Алайда коронавирус инфекциясының жаңа толқынынан кейін ауруға шалдығудың қайтадан өсуі қатері бар. Кавасакиге ұқсас синдром балаларда КВИ-ді еңсергеннен кейін 2-6 аптадан кейін байқалды. Ауырған балалардың 97 пайызында SARS-CoV-2-ге антиденелер анықталды. Барлық жеткіншектер балалар стационарына жатқызылды. Көбінесе ер балалар (82 пайыз) ауырды», - деді Риза Боранбаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Кавасакиге ұқсас синдромға шалдыққан балалар туралы айтып берді.

«2020 жылғы тамыздан бастап республикада COVID–19 індетімен астасқан мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас синдром) жағдайлары тіркеле бастады. Ауру ушыққан жаз айларынан кейін балалар арасында аталған індет анықталды. Үш аптадан бері балалар арасында бұл ауру тіркелмеді», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар