Мамандығыңды меңгеру үшін заманауи технологиядан қалып қоймау керек – дәрігер
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елімізде маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Төл мерекесіне орай Оралдағы қалалық көпбейінді аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Эльдар Хадис өзінің мамандығы, өмір жолы, алдағы арман-мақсаттары, әріптестері жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
- Эльдар Амантайұлы, төл мейрамдарыңыз құтты болсын! Дәрігерлік мамандықты таңдауыңа не себеп болды, алдымен сол туралы айтып өтсең?
- Бірден айтайын, негізінен дәрігерлік жолды таңдауыма әкем Амантай Хадисұлы Нұрғалиев себепші болды. Ол кісі өмір бойы дәрігер ретінде медицина саласында маңдай терін сыпырып, еңбек етті. Көпшіліктің алғысына бөленді, қазір зейнеткер. Анам Зәуреш Жұмабайқызы Фазылованың мамандығы - бухгалтер. Балдай тәтті балалық шағымнан әкемнің ақ желеңді абзал жан болғанын көріп өстім, соған қызыға қарайтын едім. Өзім Атырау қаласында 1985 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келдім. Сонда 9 жыл мектепте білім алдым. Кейін Орал қаласындағы №44 орта мектепті тәмамдап, осыдан жиырма жыл бұрын арман жетегінде Ақтөбе қаласына аттандым. Жолым болып, Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық академиясына оқуға түсіп, 2011 жылы тәмамдап шықтым. Содан жолдамамен Орал қаласына келіп, шаруашылық жүргізу құқығындағы №5 қалалық емханада еңбек жолымды бастадым. Ал 2017 жылы 9 қаңтардан бері қалалық көпбейінді ауруханадамын. Әуелі қабылдау бөлімінде отырдым.

- Өмір және еңбек жолыңда бағыт-бағдар сілтеген жандар болған шығар?
- Әрине. Әсіресе, сол кезде гинекология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ерлан Тілегенұлы Мұқановты ерекше бөліп атар едім. Өз жұмысын жоғары деңгейде атқаратын сондай білікті маманның шәкірті болғаныма бақыттымын деп санаймын. Ұстазымдай мықты дәрігер болу – мақсатым. Өзім де үш жылдан бері гинекология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Тек қала ғана емес, облыс аудандарына санавиациямен шығып, әйелдер мен нәрестелер өмірін сақтауға атсалысып келемін. Яғни қазақ халқының санын көбейтуге өз үлесімді қосудамын.
- Гинеколог болып жұмыс істеу ер адамға қиын ба, қандай өзгешеліктері бар?
- Қай жұмыстың да жеңілі жоқ. Бұл жерде мынаны бөліп айтайын. Жүкті әйелдерді босандыратын басқа адамдар. Ал біздер ота жасаумен айналысамыз. Өз мамандығыңды меңгеру үшін үзбей білім алып, біліктілігіңді жетілдірумен бірге қазіргі заманауи технологиядан қалып қоймау керек. Ол үшін күн сайын өзіңді дамытып, биік шыңдарға қарай талпына берген дұрыс.

- Елімізде ана мен бала денсаулығына ерекше мән беріледі, соның ішінде бала табатын жастағы әйелдерге қандай кеңес берер едің? Ауруханаға жүкті әйелдер түрлі жағдайда түсіп жатады, ерекше есте қалған оқиғалар болды ма?
- Әр адам денсаулығына мұқият қарауы керек. Әсіресе, бала табатын жастағы әйелдер дәрігерлер кеңестеріне зейін қойып, өмірге ұрпақ әкелудің мән-маңызын сезіне білуі қажет дер едім. Ол үшін, ең бастысы, денсаулығында кінәрат болмағаны жөн. Ауруханада болсын, санавиациямен барғанда болсын, түрлі жағдайға кездесіп жатасың. Сол кезде ана мен сәбидің өмірі үшін күреске түсесің. Ондайда оларды құтқарып қалудан басқа ойыңда ештеңе болмайды. Ота сәтті аяқталса, бар жан дүниең жеңілдеп, аса маңызды бір істі атқарып шыққандай боласың.
- Өзің жетекшілік ететін гинекология бөлімінің жұмысына тоқталсаң?
- Біздің гинекология бөлімшесінде өзімді қосқанда, 8 білікті дәрігер қызмет атқарады. Олардың төртеуі бөлімше дәрігері болса, қалған төртеуі қабылдау бөлімінде келушілерді қабылдайды. Басты мақсат – жағдайы ауыр науқастардың жанын сақтау үшін оларға жедел көмек көрсету. Жоспарлы түрде сан алуан отау жасау арқылы өмір сүру көрсеткішін арттыру. Нақтырақ айтсақ, лапароскопиялық, лапаротомиялық миомэктомия, бедеулікке қатысты және басқа оталар әйелдердің репродукциялық деңгейін жоғарылату мақсатында жасалады. Қысқаша қайырсақ, біздің дәрігерлер аптада жеті күн бойы 24 сағат тәртібінде науқастардың жанын сақтау жолында ота жасауға және емдеуге дайын. Жалпы, қалалық аурухананың перзентханасында босанатын әйелдер үшін барынша жағдай жасалған, заманауи құрал-жабдықтар жеткілікті. Күн сайын, сәт сайын шырылдап жерге түскен шақалақтардың даусын есту дәрігерлер үшін де үлкен қуаныш дер едім. Жанын шүберекке түйген жүкті әйелдер перзентханадан аман-есен шығып жатса, сол отбасы, жақын-жуықтары үшін одан асқан бақыт бар ма! Өйткені бала – бақыт, бала – өз өміріңнің жалғасы, түптеп келгенде, еліміздің болашағы деуге болады.

- Эльдар, өзің үйлендің бе?
- Иә, осыдан он жыл бұрын отау құрғанмын. Қазіргі уақытта жан-жүрегіме жақын, сүйікті де сүйкімді бір қыз, бір ұлым желкілдеп өсіп келеді. Оған қоса үшінші сәбиімізді күтудеміз.

- Зайыбың туралы айтсаң, мамандығы қандай?
- Зайыбым Макка Айбекқызы 1990 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Мамандығы – ана (күлді).

- Сөзге сараңдау екенсің, Эльдар, үнемі қысқа қайырып отырасың. Соған қарағанда, әрдайым іске жақын жан боларсың. Төл мерекелеріңе орай әріптестеріңе қандай тілек айтар едің?
- Жылына бір келетін мерекеміз құтты болсын! Дәрігер – адам жанының арашашысы. Гиппократ антына адал болып, алдымызға келген әр адамға жауапкершілікпен қарап, өз қызмет-міндетімізді мүлтіксіз атқара берейік дегім келеді.
- Әңгімеңе рахмет! Әркез еңбегің жемісті болып, алдыңғы қатардан көріне беруіңе тілектеспін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын хирург Ербол Есеевтің хал үстінде жатқан науқасты құтқарудан артық абырой жоқ екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Орал қаласында үшем дүниеге келді.
БҚО-да «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 50 нысан салынады.
