Мамандықтар рейтингі қалай жасалады

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Айнұр Ыбыжанованың айтуынша, жылдың аяғына дейін 2 мың оқу бағдарламасының тиімділігін зерделеп шығу жоспарланған.
«Қазір біз 33 мамандықтың рейтингін жарияладық. «Атамекеннің» ресми сайтына кірсеңіз, «Оқу бағдарламаларының рейтингі» деген бөлім бар. Соның ішінде 33 мамандықтың тізімі берілген. Мәселен, «Автоматтандыру және басқару» деген мамандықты ашсаңыз, 26 жоғары оқу орнының тізімі шығады. Біз соның бәрін зерделеп, университеттерді маман даярлаудың тиімділігі бойынша орналастырдық. Осылайша, әрбір мамандық бойынша жоғары оқу орындарының рейтингі әзірленді. Зерттеу кезінде жұмысқа орналасқан түлектердің пайызы мен олардың орташа еңбекақысы, оқу бағдарламасының өзектілігіне баса назар аударылды. Бұдан бөлек, түлектердің арасында сауалнама да жүргізіледі. Олар да жоғары оқу орнында алған білімнің қаншалықты пайдалы болғанын айтады», - деді А.Ыбыжанова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, рейтингті әзірлеу шаралары екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ҚР Білім және ғылым министрлігінен тиісті мәліметтер алынады. Соның негізінде былтырғы түлектердің жұмысқа орналасу пайызы мен орташа еңбек ақысына, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибесіне, білім беру бағдарламаларына салынған инвестицияларға, жұмыс берушімен бірге әзірлеген білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ, халықаралық аккредитацияға сараптама жүргізіледі.
Екінші кезеңде салалық сарапшылар білім беру бағдарламаларының мазмұндық алшақтығын талдап шығады. «Мәселен, түлектер мен олардың жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесінен алынады. Сосын біз оның бәрін Білім және ғылым министрлігі берген мәліметтермен салыстырамыз», - деп атап көрсетті А.Ыбыжанова.
Айта кеткен жөн, мамандықтар рейтингі - «Атамекен» ҰКП-ның бастамасы. Негізгі мақсат - жұмыс беруші мен жоғары оқу орынның арасындағы байланысты нығайту. Себебі бүгінде теория мен практиканың алшақтығы бар. Соның салдарынан жоғары оқу орның бітірген жастар жұмыс таба алмай жатады. Ал жұмыс берушілерге жас мамандарды қайта даярлауға тура келеді. Оған да біраз уақыт та, қаражат та кетеді.
«Негізі, шетелде ата-аналар мен мектеп түлектері осы іспетті рейтингтерді мұқият бақылап отырады. Себебі университеттің оқу бағдарламасы мықты болса, оны оқып шыққаннан кейін жақсы жұмыс та, жоғары жалақы да болады», - дейді А.Ыбыжанова.