МӘМС аясында 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр МӘМС аясында 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға жоғары, деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

МӘМС
Фото: uralskweek.kz

Жалпы, былтыр ТМККК және МӘМС аясында медициналық көмек көрсетуге 2 трлн 522 млрд теңге бөлінді.

Сатып алу жоспары мен қаржыландыру

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2024 жылдың қорытындысын жариялады. Екі пакет бойынша медициналық көмекті қаржыландыруға 2,8 трлн теңге қарастырылды, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 8%-ға артқан.

— Қор бекітілген сатып алу жоспары аясында 1975 медициналық қызмет көрсетушімен 2,5 трлн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасады. Олардың басым бөлігі — 1274-і (64,5%) жекеменшік клиника. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1260 болған. Клиникалар амбулаториялық гемодиализ, консультациялық-диагностикалық қызметтер, стационарды алмастыратын және стационарлық көмек, МСАК, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, қалпына келтіру және медициналық оңалту секілді негізгі медициналық көмек түрлерінде маңызды рөл атқарады, — деді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева.

МӘМС жүйесін енгізу нәтижесінде денсаулық сақтау саласының бюджетін жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік туды. 2024 жылы жедел медициналық көмек мен санитарлық авиацияны қаржыландыру 16%-ға, стационарлық көмек — 12%-ға, консультациялық-диагностикалық көмек — 12%-ға, стационарды алмастыратын көмек — 11%-ға, амбулаториялық гемодиализ — 10%-ға, ауылдық жердегі стационарлық және стационарды алмастыратын мамандандырылған көмек 10%-ға өсті.

МӘМС жүйесімен қамту және аударымдар

2024 жылы МӘМС жүйесінде 15,9 млн адам сақтандырылған. Азаматтар мен жұмыс берушілерден аударылған жарналар мен төлемдер сомасы 1 трлн 253 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жұмыс берушілер 529,9 млрд теңге аударса, қызметкерлер 346,7 млрд теңге жарна төледі. Мемлекеттің жарнасы 289 млрд теңге, ал жеке кәсіпкерлерден түскен сома 57 млрд теңгеге тең. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын тұлғалардан 14,8 млрд теңге, дербес төлеушілерден 12 млрд теңге жиналды.

11,7 млн-нан астам сақтандырылған азамат МӘМС аясында 1,1 трлн теңгеден астам сомаға тең медициналық көмек алды. Бұл ретте бір адамның емхана немесе ауруханаға барған кезде бірнеше қызмет алатынын ескеру қажет.

Қандай қызметтер көрсетілді?

Бастапқы медициналық-санитарлық көмектің үлесі айтарлықтай жоғары — 578,48 млрд теңгені құрады. 774 мың жағдай бойынша стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек 81,65 млрд теңгеге көрсетілді. Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 21,6 мыңнан астам пациент үшін 90,2 млрд теңге төленді.

Консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 139 млн-ға жуықтап, жалпы құны 350,62 млрд теңге болды. Оның ішінде МӘМС аясында 30,58 млрд теңгеге 6,3 млн-нан астам жедел және жоспарлы стоматологиялық қызметтер көрсетілді.

Медициналық оңалту бойынша 76,51 млрд теңгеге шамамен 9,4 млн қызмет көрсетілді. Өткен жылы тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 422,6 мыңнан астам пациент емделіп, оған 240 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Күндізгі стационарда шамамен 861,9 мың емге 87,5 млрд теңге бөлінді.

Мониторинг

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем жасамас бұрын қызмет сапасы мен көлемін мұқият тексереді.

2024 жылы Қор сарапшылары 5,9 млн-нан астам ақауды анықтады. Ақаулардың басым бөлігі 3.0 «Медициналық қызметтің көлемін негізсіз үлкейту», 1.0 «Медициналық көмек көрсету негізсіздігі», 6.0 «Емдік-диагностикалық шараларды стандарттарға сай келмеуі» сынды кодтар бойынша анықталды.

— Көрсетілді деп жазылып, көрсетілмеген ем-дом (5.0 ақауы — «Медициналық көмек көрсету (қызмет) фактісінің расталмауы») мәселесіне келсек, ақпараттық жүйе деректері бойынша өткен жылы осындай 43,3 мыңнан астам жағдай тіркелді, яғни 2023 жылға қарағанда 6%-ға аз. Бұл ақау ең маңызды мәселелердің бірі болып саналады және Қор тарапынан қызметтерді сатып алу келісімшартын мерзімінен бұрын бұзуға негіз болуы мүмкін, — деді Светлана Пономарева.

Оң үрдістерге келсек, былтыр медициналық қызметтерді ұзақ күтуге қатысты шағымдар 3,6 есе азайды. Жалпы алғанда, негізді деп танылған шағымдардың саны 24,2%-ға төмендеді. Медициналық көмек/қызмет көлемін негізсіз асыра көрсету бойынша анықталған кемшіліктер 22,5%-ға азайды. Сонымен қатар патологоанатомиялық диагностикадағы кемшіліктер саны 89%-ға, бағдарламалық диализ бойынша — 64%-ға, қан және оның компоненттерін өндіруге, жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына арналған препараттарға жұмсалатын шығындар бойынша — 40%-ға, жұқпалы аурулармен ауыратын пациенттерге көрсетілетін медициналық көмек бойынша 13%-ға төмендегені байқалады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қор мониторинг жүргізу тәсілдерін өзгерткенін жариялаған болатын. Енді мониторинг Қордың бірыңғай ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар экстерриториалдық принцип енгізіліп, үш кезеңді аппеляция мүмкіндігі қарастырылды. 

Соңғы жаңалықтар