МӘМС: қант диабетіне шалдыққандар қаншалықты сақтандырылған
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова қант диабетіне шалдыққан науқастардың мәселесіне түсінік берді.

- Олардың 95 пайызында сақтандырылған мәртебесі бар. Қалған 1,5 мың адамның сақтандыру мәртебесі жоқ. Егер осы адамдар жұмыс істесе, онда жарна төлеуі керек. Жұмыссыз болса, еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, жеңілдік алатын санатқа кіруі керек. Сонымен қатар, олар әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және төмен (Е) деңгейлеріне жатса, өз санаттарын анықтап алғаны жөн. Бұл тұрғыда 2026 жылы болатын өзгерістерге дайындалуы тиіс, - деді Л. Шоманова.
Бұған дейін министрлік қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырыла беретінін хабарлады.
Атап айтқанда, қант диабетімен ауыратын қазақстандықтар МӘМС жүйесінде қосымша жарна төлемейді.
- Халықаралық практиканы ескере отырып және терапияны кеңейту мақсатында оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылды. Бұл шешім пациенттерді қорғау деңгейін төмендетпейді, керісінше қаржыландырудың тұрақтылығын нығайтады және денсаулық сақтау қызметтерінің ауқымын, соның ішінде соңғы емдеу әдістерін кеңейтуге мүмкіндік береді, - деп атап өтілген Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінде.
Айта кетейік, 2026 жылы МӘМС жүйесінде қосымша бір млн-нан астам адам қамтылады.
Биыл көктемде қант диабетіне шалдыққандар саны үздіксіз артып жатқанын жазған едік.