Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың МӘМС-ке қатысу мүмкіндігі артады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап елімізде 1 миллионға жуық азамат жоспарлы медициналық көмекпен қамтылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жаңа бұйрық жобасында айтылған. 

МӘМС
Фото: uralskweek.kz

Аталған құжат 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №206-VIII ҚРЗ Заңына сәйкес әзірленген.

– Жоба Мемлекет тарапынан әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық немесе төтенше деңгейдегі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен жарна төлеу тәртібін нақтылау үшін жасалды, - делінген құжат мәтінінде.

Сонымен қатар 2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша шамамен 1 миллион адамды (5%) МӘМС жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға және жалпы ұлттық әл-ауқатты арттыруға сеп болмақ.

Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Бұған дейін, Алматыда биыл МӘМС жүйесіне 95 мың тұрғын қосылатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар