МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының Жолдауын және өзге де тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыру көзделген.
Әлеуметтік осал топтарды МӘМС-пен қамтуды кеңейту: Халықты барынша жүйеге тарту мақсатында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдардың төлеу тетігі енгізіледі.
Бұл норманы іске асыру 2026 жылға қарай қосымша 1 млн-нан астам адамды МӘМС жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.
Әділ жарна жүйесін енгізу: Әлеуметтік әділеттілік қағидатын сақтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударым жасалатын кірістің жоғарғы шегі алынып тасталады. Бұл тәсіл азаматтардың жүйеге үлесін олардың табысына сай етіп, сала бюджетіне жыл сайын қосымша 200 млрд теңгеге дейін қаржы әкеледі.
Мемлекеттік қаржыландыруды арттыру: Жеңілдікті санаттағы 11 млн азамат үшін мемлекет жарнасының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Бұл шара 2030 жылға қарай қаржыландыру көлемін 289 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бірыңғай медициналық қызметтер пакетін қалыптастыру: 2027 жылдан бастап мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті арасындағы нақты айырмашылықты белгілейтін бірыңғай пакет енгізіледі.
Осылайша әрбір азамат мемлекет кепілдік беретін қызметтерді және сақтандыру есебінен көрсетілетін қызметтерді нақты біле алады.
Бұған дейін хабарланғандай, профилактикалық скринингтер мемлекет кепілдік берген медициналық қызметтер пакетіне енгізілді.