МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізілді: қазақстандықтарды не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап отандық денсаулық сақтау жүйесінде жаңа нормалар күшіне енеді. Мәжіліс пен Сенат мақұлдаған тиісті заң Президенттің қол қоюына жолданды. Қазақстандықтар мен денсаулық сақтау жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұрғанын Kazinform агенттігінің тілшісіне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді.

здравоохранение, осмс, взносы, медстрахование
Коллаж: Сanva

Министрдің айтуынша, басты жаңалықтардың бірі – медициналық қызмет пакетін нақты бөлу.

— 2021 жылы Мемлекет басшысы кепілдендірілген және сақтандыру пакетіне кіретін қызметті нақты ажырату қажет екенін тапсырды. Жаңа заң жобасы аясында қызметті нақты бөлдік. Бұл емханалар үшін барлық қаржы және пациент ағынын басқаруға мүмкіндік береді, ашықтықты қамтамасыз етеді, — деді Ақмарал Әлназарова.

Екінші маңызды өзгеріс – онкологиялық скрининг міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) пакетіне көшірілді. Бұл бүкіл халыққа онкологиялық ауруларды ерте анықтау қызметтіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Үшінші жаңашылдық жоспарлы медициналық көмек алудың аясы кеңейді. 

— Бүгінде шамамен 3 миллион азамат МӘМС жүйесіне жарна төлемейді, сондықтан да олар жоспарлы медициналық көмекті ала алмай отыр. Осы санаттағы азаматтарға қатысты «Цифрлық отбасы картасы» аясында зерттеу жүргізілді. Бұл құрал отбасы мүшелерінің әрқайсысының табысын көруге мүмкіндік береді. Егер отбасында экономикалық қиындық бары анықталса, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктің қаражаты есебінен сақтандыру мәртебесі беріледі, — деп түсіндірді министр. 

Министрліктің есептеуінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап шамамен 1 миллион адам жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді. 

Реформаның тағы бір жаңа қыры – сақтандыру жүйесінің тұрақтылығына байланысты.

— Денсаулық сақтау жүйесі үшін барлық өзекті есеп жүргізілді. Қабылданған нормалар сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын 2043 жылға дейін және одан кейін де қамтамасыз етеді. Біз қаржылық тұрақтылықты қалап отырмыз, — деп толықтырды Ақмарал Әлназарова.

2026 жылғы қаңтардан бастап жарнаны есептеу базасының жаңа жоғарғы шегі енгізіледі, яғни жұмыс берушілер үшін — 40 ең төменгі жалақы, жұмысшылар үшін 20 ең төменгі жалақы мөлшері белгіленді. Аталған өзгерістер жоғары табысы бар жұмысшылардың шамамен 9%-ын (500 мыңнан астам адам) қамтиды. МӘМС жүйесінің табыс бөлігінің өсімі жылына шамамен 200 млрд теңгені құрайды деп бағаланып отыр. 

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне жарна мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр: 

- 2027 жылы — 2,2%-дан бастап; 
- 2037 жылы — 4,7%-ға дейін.

МӘМС жүйесінде жаңа норма енгізіледі — 5 жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азаматтар төлемді уақытша тоқтатқан жағдайда, 6 ай бойы мәртебесін сақтап қалады. 

Айта кетейік, 2025 жылғы 21 мамырда Мәжіліс МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізілген заңды қабылдады.

Биыл маусымдағы мәліметке сүйенсек, МӘМС аясында 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді

Соңғы жаңалықтар