МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 млн адамның мәселесі қашан шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM – МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 млн адамның мәселесі қашан және қалай толық шешіледі? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.

«Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің Бірыңғай базалық пакетін жасау тапсырылды. Осыған байланысты медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қалыптастыру, медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың неғұрлым әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттары үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне сақтандыру төлемдерін жасау жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілік жүктеу бойынша Министрлік жұмыс атқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Денсаулық сақтау министрлігі маңызды нормаларды реттейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Нормалардың бірі - халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге, атап айтқанда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар мен табысы өте төмен адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеуді жүзеге асыруға бағытталған, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Қазіргі кезде 16,7 млн адам (83 %) сақтандырылған, оның ішінде 11,9 млн адам халықтың жеңілдікті санаттарына жатады, олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.
Шамамен 3,3 млн адам МӘМС жүйесінен тыс қалды:
1) 2,4 млн адам өмір сүру деңгейі қолайлы және қанағаттанарлық азаматтар;
2) 1 млн адамның табысы төмен.
- Бұл азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту және олардың сақтандырылушылармен тең дәрежеде медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін олардың жарналарын медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті бюджет есебінен төлеу ұсынылды. Бұдан басқа, ЖАО-ның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге шығыстарды жергілікті бюджеттерге жүктеу ұсынылды. Бұл сондай-ақ тұрақты жұмыс орны мен табысы жоқ азаматтарды денсаулық сақтау қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді. Осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн адам қамтылады деп санаймыз. Бұл ел азаматтарының 5 пайыздан астамы жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын білдіреді, соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайта отырып, ұлттың жалпы денсаулығы мен әл-ауқатын арттырады, - деп аталып өткен ҚР ДСМ ақпаратында.
Ведомство мәліметінше, өмір сүру деңгейі қолайлы және еңбекке қабілетті жастағы адамдар қатарындағы қалған 2,4 млн адамға қатысты ақпараттық-түсіндіру жалғасып жатыр. Сондай-ақ азаматтардың осы тобының МӘМС жүйесіне қатысуын арттыру үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономикалық қызметті «көлеңкеден» шығару бойынша бірлескен жұмысты атқарып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы жұмыстың нәтижелері бойынша азаматтардың көп бөлігі әлеуметтік жүйеге, оның ішінде МӘМС жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады деп есептейді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.