Мамыр айында банктердің экономиканы несиелеуі 1,1 пайызға ұлғайды

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
Бас банкирдің айтуынша, ұлттық валютадағы несиелердің көлемі 6144,1 млрд. теңгеге дейін 1,7 пайыз өсті. Шетел валютасында 3023,4 млрд. теңгені құрап, өзгеріссіз қалды. Теңгедегі несиелердің үлесі 66,6-дан 67 пайызға ұлғайды. Көктемнің ақырғы айында ұзақ мерзімді несиелеу 2,3 пайызға өсіп, қысқа мерзімді несиелеу 3,4 пайызға төмендеді. Соның нәтижесінде ұзақ мерзімді несиелердің үлесі 79,8-ден 80,7 пайызға дейін өсті.
Заңды тұлғаларға берілген несие 0,9 пайызға, жеке тұлғаларға берілген несие 1,9 пайызға ұлғайды. Жеке тұлғалардың несиесі 26,8-ден 27 пайызға дейін өсті. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 0,7 пайызға ұлғайып, экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемінің 14,5 пайызын құрады. Сонымен қатар жалпы экономикаға берілген несиелер құрылымында сауда - 20,8 пайыз, құрылыс - 14,5 пайыз, өнеркәсіп - 12,7 пайыз және ауыл шаруашылығы - 3,2 пайызды құрады.