Мамыр айында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында Ұлттық көрсеткіштер жөніндегі сарапшылар тобының кезекті отырысы өтеді

АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың мамыр айында Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесі жанынан құрылған маңызды ұлттық көрсеткіштер жөніндегі сарапшылар тобының екінші отырысы өтеді.
None
None
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. «Есеп комитетінің Төрағасы Омархан Өксікбаев пен РФ Есеп палатасының аудиторы Александр Пискуновтың кездесуі барысында сарапшылар тобының кезекті отырысына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды. Сондай-ақ әңгіме барысында ИНТОСАИ-дың маңызды ұлттық көрсеткіштер жөніндегі жұмыс тобының аясында өзара іс-қимылдардың перспективалары туралы пікір алмасты. Сонымен бірге маңызды ұлттық көрсеткіштерді әзірлеу әрі сол көрсеткіштерді ұлттық және халықаралық деңгейде экономикалық, экологиялық, әлеуметтік салаларда қолдану мәселелері бойынша сөз болды. Кездесу барысында тараптар тиімділік аудитін жүргізу мен мемлекеттік органдардың қызметін бағалау кезінде қолданылатын маңызды ұлттық көрсеткіштерді айқындау жөнінде бірлескен іс-қимылдар мен іс-шараларды жүргізудің қажеттілігіне тоқталды», делінген Комитеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Мамыр айына жоспарланған алқалы жиында тиімділік аудитін ұйымдастыру мен жүргізудің, маңызды ұлттық көрсеткіштерді қолданудың шетелдік тәжірибесін жүйелеп, жинақтап, салыстырып талдау жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады. Отырыс аясында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдарының қызметінде маңызды ұлттық көрсеткіштерді қолданудың мүмкіндіктері, тәуекелдері» деген тақырыпта семинар өткізу жоспарлануда. О. Өксікбаевтың айтуынша, Қазақстанда тиімділік аудитін жүргізу кезінде маңызды ұлттық көрсеткіштерді қолдану жөнінде әдістемелік тәсілдерді зерттеп, ұсынымдар дайындайтын жұмыс тобы құрылған. Маңызды ұлттық көрсеткіштер жөніндегі сарапшылар тобы 2008 жылғы қыркүйекте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшылары Кеңесі жанынан құрылған. Сарапшылар тобының қызметі ИНТОСАИ-дың маңызды ұлттық көрсеткіштер жөніндегі жұмыс тобының аясында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшылары Кеңесінің өңірлік ілкі жобасын іске асыруға жәрдемдеседі.
Соңғы жаңалықтар