Мәңгілік ел болу үшін тарихымызды қастерлеуіміз керек - Г.Әбдіқалықова, Мемлекеттік хатшы (ФОТО)

Мәртебелі меймандар қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіші жанында еске алу шарасында болып, облыстық қазақ драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» жобасына арналған ғылыми еңбектер көрмесі, сондай-ақ «Батыс Қазақстан облысының тарихы - жасампаздық пен жетістіктер жолы» құжаттық-экспонаттық көрмесімен танысқаннан кейін «Мәңгілік ел» - ұлттық тарих пен тарихи зердедегі құбылыс ретінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысына қатысты.
Жиынды ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім еткеніндей, 2010 жылы бастау алған «Тарихи тағылым - өткенге тағзым» жобасы аясында шаралар еліміз қалаларында жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл кезек Батыс Қазақстан өңіріне де жетіп, тарихи маңызды кезеңде өтіп отыр. 2015 жылды ҚХА жылы деп жариялап, ел бірлігін нығайту жолында жаңа міндеттер қоюмен бірге Елбасымыз «100 нақты қадамды» белгілеп бергендігі белгілі. Соған байланысты бар күшімізді сарқа жұмсай отырып, бұл тапсырмаларды орындап, көздеген межеден көрінудің жауапкершілігі жоғары.
Мәжілісте ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың мәлім еткеніндей, көнеден бастау алатын тарихымызды қастерлеп, ұлттық құндылықтарымызды байытып, отандастарымыздың ортақ рухын көтеру жолында мұндай мәні зор, маңызы ерекше шара ҚХА жылы аясында өткізіліп отыр. Елбасымыз Ұлытау төріндегі толғанысында «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» екендігін атап көрсетіп, Қазақ елінің алдында тұрған көкейкесті мәселелерді тереңнен қозғап, шешілу жолдарын нұсқаған болатын. Сонау VІІІ ғасырда өмір сүрген Тоныкөк бабамыздың Мәңгілік ел болсақ деген арманы Елбасының бүгінгі көреген саясатымен ұштасып жатыр. Ақ Жайықтың ардақты ұлдарының бірі Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген жалғыз ауыз сөзінен-ақ қазақ халқының қаншама қасірет шегіп, орасан зор тауқымет жүгін арқалағанын сезінуге болады. Өткенді білу парыз. Соның ішінде ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы ғасырларға созылған күресін сезіне отырып, олардың ерлік жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету ортақ борыш болмақ. Яғни жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастырып, биікке көтере білуіміз керек. Сонымен қатар Қазақстан осында күштеп жер аударылған қаншама халықты бауырға басты. Жерін толған лагерьге айналдырса да, бар ауыртпалықты сол ұлт өкілдерімен бірге көтерді. Сондықтан саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын да ұмытпай, оларға тағзым ету үнемі естен шықпауы тиіс. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін арыстарымыз ақталып, көптеген ақтаңдақтар белгілі болып, азалы кітаптар жарыққа шықты. 1998 жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Тарихымызды төрге шығарып, бүгініміздің биігін болашақпен бүтіндесек қана Елбасымыз айтқан Мәңгілік елге жете аламыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына байланысты атқарылатын шаралар, 1921-1923 және 1932-1933 жылдары орын алған аштық, өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы және елуінші жылдарындағы саяси зобалаңдар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жаңадан ашылып жатқан беттер жөнінде сөз қозғады.
ҚР Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мірболат Жақыпов ұлт тарихын безбендеуде ҚР Президентінің мұрағаты үлкен қызмет атқарғандығын, осы бақытта жасалып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
Конференцияда сондай-ақ белгілі қазақстандық ғалымдар, ТМД, АҚШ, Оңтүстік Корея, Чехия елдерінен келген сарапшылар өз ой-толғамдарымен бөлісті. Форум аясында тарихи сабақтар, жаңа кітаптардың таныстырылымы, қала жастарымен кездесу болып, сондай-ақ ертең Күнбатыс Алашордасы ту тіккен жер - Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында шаралар шоғыры өтпекші.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкей ордасы ауданындағы Бөкей ордасы тарихи-мұражайлық кешенінде болды. Бөкей хандығының дәуірі 1801 жылы Бөкей сұлтанның қарамағындағы елімен Жайық пен Еділдің арасына қоныс аударуынан басталғаны мәлім. Кейін оны Бөкейдің ұлы Жәңгір хан жалғастырып, еуропалық ілім-білім мен өркениетке, отырықшылыққа бет бұрып, әсіресе, оқу-ағарту ісін дамытты.