Маңғыстаулық тұрғын түркі халықтарының 250 жылдық тарихы бар ұлттық бұйымдарын сақтаған
АҚТАУ. KAZINFORM – Мұнайлы ауданының тұрғыны Ақылберді Нақов түркі тілдес елдердің ұлттық бұйымдарын жинауды 90-жылдары бастаған. Бүгінде алты жүзге жуық кілем мен екі жүзден астам түрлі тұрмыстық бұйымдары бар.
— Ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығым бала күнімнен бар. Отбасында 14 бала болдық. Ұлдікі, қыздікі демей үйдің шаруасын жасай беретінбіз. Мен көбінесе анам бау-басқұр, алаша тоқығанда жанында болып, қолымның күші бар деп көмектесетінмін. Содан болар мен салт-дәстүр мен ұлттық қол өнер бұйымдарын санама сіңіріп өскенмін. Ер жеткенде арнайы саяхатқа шығып, ел аралап, адамдармен көп араластым. Сол ұлттың көне жәдігерлерін көрсем сұрап, сатып аламын. Кейде үлкен кісілер риза болып өздері беріп жібереді, — дейді Ақылберді Нақов.

Ақылберді Нақов түркі тілдес елдерде өтетін кілем көрмелері мен қол өнер бұйымдарының жәрмеңкелерін қалт жібермейді. Мысалы, Ирандағы көрмеден 2 ғасыр бұрын қолдан тігілген кебеже сатып алған. Ал, Син-зянь провинциясынан ұйғырдың кілімдерін әкеліпті.

Түрікменстаннан қоныс аударған қандастан бір шаршы метрлік кілемшені 2 мың долларға сатып алған. Бүгінде қорында Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Дағыстан, Армения елдері мен ұйғырлар және Моңғолиядағы қазақтардың кілемдері бар.

— Қазақстан бойынша кілем Қызылорда өңірінде өндірілген. Менің пайымдауымша, бұл кәсіп 60-жылдары жақсы дамыды. Ауыл-ауыл болып жарысып, кілем тоқыған деседі. Одан кейін Шымкентте тоқыла бастаған, — дейді коллекционер.



Ақылберді Нақов түркі халықтарының салт-дәстүріндегі ұқсақтықты зерттеп, кітап жазуды жоспарлайды. Сондай-ақ, мұражай ашуға дайындықты бастап кеткен.